Шаһарымызда Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын дәріптейтін дәстүрлі қалалық конкурсы өтті. Шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды. Байқауға 20 жас оқырман қатысты.

Байқаудың мақсаты мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, тіл мәдениетін көтеру. Қазақтың белгілі ақыны, әдебиеттанушы тұлға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерін кеңінен насихаттау. Ұлы тұлға қазақтың шежіресін алғаш қағазға түсіріп, ұрпаққа жеткізген. Ғұламаға арналған байқау 3 кезеңнен тұрды.

Мейрам Нұғыман, Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі

Алғашында Мәшһүр бабамыздың 7 өлеңі болады, оны қоржыннан алып шығып,қайсысы кездеседі - соны жатқа айту. Екінші-Мәшһүр Жүсіптің діни шығармаларының мазмұнын мәнерлеп оқып беру. Үшінші-Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашалығы мен өміржолына байланысты викториналық сұрақтарға жауап беру керек, 30 сұрақ бар, соны таңдап алып. Конкурс өткеннен кейін екінші күні қатысушылар және оның жетекшілері және қазылар алқасы Баянауыл ауданындағы Ескелді жотасындағы Мәшһүр Жүсіп бабамыздың басына барып мінәжәт етеді.

Ақынға арналған оқулар өңірімізде 2009 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Осы уақытқа дейін жүздеген қатысушы бақ сынады. Олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер мен мұғалімдер бар. Биылғы байқауға да әр саладан түрлі жастағы қатысушылар жиналды.

Дәмелі Тұрдалы, Павлодар қаласы Б.Момышұлы атындағы ЖОББ мектебінің ұстазы, қатысушы

Негізі Мәшһүр Жүсіп оқуларына өзімнің қызығушылығым бар, оқушыларымды да дайындап келе жатырмын. Сондай-ақ басқа да осындай жарыстарға, байқауларға қатысып жүрмін. Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы ұлттық рухымыздың қазынасы. Яғни, Мәшһүр Жүсіптің шығармаларын оқыған адам, үлкен қылып айтатындай нәрсе жоқ, күнделікті өмір сүруіміз, иман, сабыр, ақыл, әдеп сол сияқты қарапайым нәрселер. Ағайынмен араласу, отбасылық дәстүрлер сияқты адам өміріне қажетті бүкіл нәрселер қамтылған.

Шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Бас жүлде иегеріне жүз мың теңгелік сыйақы қарастырылған.

Сабина Жолдаспаева