«Әкім сағаты» телебағдарламасының кезекті шығарылымының қонағы Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов болды. Бұл жолы бағдарламада ерекше жаңашылдық орын алды. Кейбір сұрақтарды виртуалды жүргізуші, жасанды интеллект көмегімен жасалған Адалбек есімді тележүргізуші қойды.
Ертіс ауданы ауыл шаруашылығына бейімделген өңір. Биылғы жылы дәнді дақылдар 216 мың гектарға, майлы дақылдар 78 мың гектарға, мал азығы дақылдары 28 мың гектарға, ал картоп бар-жоғы 0,5 гектар алқапқа егілген. Жалпы өнімділік жаман емес. Алайда, ауа райының қолайсыздығы, әсіресе жауын-шашынның көптігі егіннің сапасына кері әсер етіп, өнімнің нарықтағы бағасының төмендеуіне себеп болған.
КСМ: Биыл қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында елді цифрландырудың жаңа кезеңі туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмаларды негізге ала отырып, жасанды интеллект негізінде жасалған тележүргізуші Адалбек келесі сауалды қойды.
Сәлеметсіз бе, менің есімім Адалбек. Мен виртуалды тележүргізушімін. Аудан тұрғындарының көкейінде жүрген бірнеше маңызды сұрақтарды қоюға рұқсат етіңіз. Бірінші сұрағым: Қазіргі таңда ауданға жаңадан көшіп келген жастар мен жергілікті жас мамандар үшін тұрақты әрі болашағы бар жұмыс орындары жеткілікті ме? Олардың туған жерінде даму мүмкіндіктері бар ма
Осы орайда вертуалды тележүргізушінің сұрағына аудан әкімі өз жауабын берді.
Бағдарлама барысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталып өтті. Әкімнің айтуынша, инфрақұрылым жақсарып келеді.
Бағдарламаның дәстүрлі «Әкім уәдесі» айдарында Ертіс ауданының әкімі алдағы жоспарларымен бөлісті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026 жылы аудан мектептері арасында IT және жасанды интеллект бағытында «Айти олимпиада 2026» атты зияткерлік сайыс өткізу жоспарланып отыр. Олимпиада жеңімпазына демеушілердің қолдауымен 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталып, финалға өткен оқушылар «AITU – Айти Алатау» инновациялық хабына арнайы сапармен барады. Бұл бастама ауыл жастары үшін үлкен мотивация және болашаққа жолдама болмақ.
Дильназ Қуанышбекқызы