Павлодар облысында екі бірдей өрт оқиғасы тіркеліп, жеті адам көз жұмды. Алғашқы жағдай Екібастұз ауылдық аймағына қарасты Солнечный кентінен жеті шақырым жердегі шаруа қожалығында болған. Тұрғын үйді шарпыған жалын 920 шаршы метр аумақты қамтыған. Үй ішінде жеті адам болған. Оқиға орнынан алты адамның денесі табылды, бір адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД мамандары, ГРЭС-2 мекемесінің және Солнечный кентінің өрт сөндіру бекеті қызметкерлері жұмылдырылды. Барлығы 30-ға жуық адам мен 10 техника қатысқан. 27 литрлік 8 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды. Құтқарылған ер адам улы газдан уланған. Оның жағдайы орташа ауыр. Қаза тапқандардың жеке тұлғалары анықталуда.

Оразбек Уәлиханов, Павлодар облысы ТЖБ мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы

Ағымдағы жылдың 9 қазан күні таңертен 101 қызметіне Солнечный кентінен 7 шақырым қашықтықты орналасқан шаруа қожалығының аумағында өрт туралы хабралама келіп түсті. Оқиға орнына ТЖД күштері мен құралдары дереу жолданды. Алғашқы бөлімшелер келгенге дейін тұрғын үй толығымен өртке оранғаны анықталды. Оқиға орнында 6 адамның денесі табылды. 1972 жылы туған ер адам жарақатталды. Жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.

Ал екінші жағдай Тереңкөл ауданында тіркелді. Жеке тұрғын үйде от тұтанып, ағаш шатыр жалынға оранған. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенге дейін үй иесі ес-түссіз күйде табылды.

Оразбек Уәлиханов, Павлодар облысы ТЖБ мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы

Дереу ТЖД қызметкерлері шығып, өрт орнында жедел жәрдем қызметкерлеріне 1982 жылы туған ес түссіз күйде ер адамды тапсырды. Сөндіру қызметі келгенге дейін ер адам әйелі мен үш баласын терезеден шығарып алды. Барлығы жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Ер адам ауруханада қайтыс болды.

Жалын 100 шаршы метр аумақты шарпыды. Қазір екі жағдай бойынша да өрттің шығу себебі анықталуда.

Сабина Жолдаспаева