Орал қаласында өткен XXI Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Павлодар облысы әкімдігі мен Ресей Федерациясының Омбы облысы үкіметі арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Құжатқа облыс әкімі Асайын Байханов пен губернатор Виталий Хоценко қол қойды. Келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-гуманитарлық және мәдени салалардағы сыртқы экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған.
Меморандум инвестиция, агроөнеркәсіп кешені, білім беру, ғылым, мәдениет, туризм, спорт және қоршаған ортаны қорғау сияқты он бағытты қамтиды. — Павлодар мен Омбы облыстарын көпжылдық экономикалық және мәдени байланыстар, сондай-ақ екі өңірді жалғап жатқан трансшекаралық Ертіс өзені біріктіреді. Шекара маңы ынтымақтастығы өңіраралық қатынастардың жаңа үлгілерін қалыптастырудың негізіне айналуда, — деді Асайын Байханов. Өңір басшысы сондай-ақ Павлодар облысының қолайлы инвестициялық ахуалы мен арнайы экономикалық аймақтың беретін жеңілдіктері туралы айтты. Форум аясында павлодарлық делегация пленарлық және панельдік сессияларға, сондай-ақ колледждер мен кәсіпорындардың әріптестік көрмесіне қатысты.
Әйгерім Тоқпанқызы