Өңірімізде «Қыс-2025» оқу-жаттығу жиыны өтті. Оның мақсаты қыс мезгілі кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою үшін арнайы дайындықты пысықтау. Шара Кенжекөл ауылында ұйымдастырылды.
Жиынға 2788 адам қатысты. Мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығу кезінде азаматтық қорғау қызметтері мен жедел штабтардың өзара іс-қимылы, құлақтандыру жүйесінің дайындығы, сондай-ақ энергетика нысандарындағы апат кезінде әрекет ету тәртібі пысықталды. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жоғары өтімді 90 техникамен қамтамасыз етілген.
Тілекжан Галямов, Павлодар қаласы ТЖБ бастығының орынбасары
Оқу-жаттығудың басты мақсаты қысқы кезеңдегі орын алған төтенше жағдайларды жою, одан басқа азаматтық қорғаныс жүйесіне қатысты жеке құрамды шыңдап, кәсіби біліктілігін арттыру. Сценарий бойынша Павлодар-Майқапшағай автожолында автобустың қатысуымен жол-көлік апаты орын алдын. Адамдар шығып, адасып кетті. Оларды іздестіру жұмыстарын жасап, тауып, жылыту пунктіне орналастырдық. Кенжекөл ауылдық округінде электр жүйесінде авария орын алып, оны жөндеу жұмыстарын өткізуде.
Аймақта барлығы 188 жылыту пункті дайындалған. Оның 11-і жол пайдалану басқармаларының базаларында орналасқан. Бұл пункттер 20 мыңнан астам адамды қабылдай алады және 4300 ұйықтайтын орынмен қамтамасыз етілді. Солардың бірі Кенжекөл ауылындағы мәдениет үйінде жұмыс істейді.
Медет Сансызбаев, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі
Жылыту пункті алдында мектепте болатын, қазір осы мәдениет үйіне 2 жыл болды көшірдік. Мында 200 адамға арналған орын ұйымдастырылған. Жылда күштік құрылымдармен бірігіп осында оқу жаттығуларын өткізіп отырамыз. Қазір де жиналып жатырмыз осында, оқу-жаттығуды өткізу үшін. Өйткені жол болғаннан кейін әртүрлі оқиғалар болады, ауа райына байланысты. Соны алдын алу үшін біз осындай іс-шараларды өткізіп жатырмыз. Менің кезімде үшінші жыл осындай оқу-жаттығу болып жатыр. Ол біздің мамандарға да осындай сәттерде қалай жұмыс істеу керектігін көрсетеді, сондықтан ол өте жақсы осындай оқу-жаттығу болған. Кенжекөлдің кіреберісінде осындай жағдай орын алған: 30 адам аяз кезінде далада қалып қойды. Біз барлығын осында әкеліп, жатқызып, таңертең шығарып салған оқиға болған. Ақырғы жылдары ондай оқиға болған жоқ.
«Қыс-2025» барысында төрт түрлі жағдай қарастырылды. Олардың қатарында республикалық маңызы бар жолдағы жол-көлік оқиғасы салдарын жою және боран кезінде жолдарды жабу пысықталды. Сондай-ақ, зардап шеккендерге арналған жылыту пунктін орналастыру жұмыстары бар.
Сабина Жолдаспаева