Ел аумағында қарашаның 18 мен 23 күндері аралығында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Осы күндері жол полицейлері көшелерде құқық бұзушылықтың алдын алып, жаяу жүргіншілерге жол жүру ережелерін түсіндіруде. Рейд барысында жылдамдықты асыру, белгіленбеген жерден өту, қарсы жолаққа шығу секілді заңбұзушылықтар ерекше бақылауға алынады. Қоғамдық көлік пен такси жүргізушілеріне де тексерістер жүргізілмек. Негізгі мақсат – жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Патрульдік жасақтар қала мен аудан көшелерінде күшейтілген режимде қызмет етеді. Сонымен қатар тұрғындарға жолда қауіпсіздік ережелерін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Ақтоты Боранова, ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы
«Елдімекендерде жаяу жүргіншілерді қағып кету фактілерінің алдын алу бойынша да жұмыстар атқарылады. Жол инспекциясы күн сайын жолдың жағдайын бақылауда ұстайды. Жөндеу және реконструкция жұмыстары жүріп жатқан учаскелер ерекше қадағалауға алынады. Азаматтарды жол жүру қағидаларын сақтап, өзара сыйластық танытуға шақырамыз. Өзіңіздің және өзгенің қауіпсіздігі өз қолыңызда екенін еске саламыз».
Министрлік биыл жол-көлік оқиғалары 31 пайызға артқанын хабарлайды. Мамандардың айтуынша, оның негізгі себебі – қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Сол себепті мұндай алдын алу іс-шараларын жиі өткізу жоспарланып отыр.
Әйгерім Тоқпанқызы