Майқайыңдағы апатқа кінәлі деп танылған алты адамды прокурор 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры мен оның орынбасары және басқада лауазымдық қызметте болған 4 инженер бар.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 4 қаңтарында “Майқайыңалтын” аумағындағы жерасты кеніші опырылып, бұны жарылыс болған екен деп жедел шыққан үш құтқарушы мен жүргізуші отырған көлік сол шұңқырға түсіп кеткен болатын. Екі құтқарушының денесі келесі күні шығарылды. Ал, соңғы екеуінің мәйіті іздеу жұмыстарының қауіптілігіне байланысты алты айға жуық созылып, зорға табылды. Марқұмдардың туыстарына кәсіпорын материалдық және моральдік шығын төледі. Сотта қайтыс болған үш құтқарушының жақындары соттан айыпкерлерге қатаң жаза қолданбауын, яғни, бостандықтарын шектемеуді сұрады. Ал, 36 жасында қайтыс болған құтқарушылар жасағы жетекшісінің орынбасары Айдос Шаймерденнің зайыбы айыпкерлерге мейлінше ауыр кесім шығарылуын талап етті. Сот үкімі алдағы бірер күнде жария етіледі.
Сабина Жолдаспаева