Өңір кәсіпкерлері «Заң және тәртіп» бастамасы аясында экономикалық тергеп тексеру департаменті мамандарымен және «Атамекен» палатасымен кездесті. Форумның мақсаты – бизнес субъектілерінің құқықтық қорғалуын күшейту, экономикалық қызметтің ашықтығын арттыру.
Естай атындағы мәдениет үйінде Павлодар облысының жеке кәсіпкерлеріне арналған форум өтті. Онда Жаңа салық кодексі, алаяқтық бойынша ақпарат ұсынылды. Салықтық аудит және қаржылық кеңес беру саласының тәжірибелі маманы —Айжан Балакешова жеке кәсіпкерлер жиі ұшырасатын негізгі тәуекелдерге тоқталып, есепті дұрыс жүргізу, салық тәртібін сақтау және мемлекеттік органдардың сұрауларына дер кезінде жауап беру маңыздылығына тоқталды.
Айжан Балакешова, салық сарапшысы
Форум жаңа салық кодексін түсіндіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Салық реформасы бір жағынан қиын, бір жағынан жақсартылған. Осындай басқосудың өтуі маңызды. Кез келген сұрақты азамттарға түсіндіру қажет, себебі кез келген түсініспеушілік азаматтардың қандай да бір ақпаратты білмегенен болады.
Экономикалық тергеп тексеру департаментінің мамандары алаяқтықтың алдын алу, цифрлық деректерді қорғау, электрондық сервистерді дұрыс пайдалану және қаржылық тәуекелі жоғары схемалардың белгілерін талдау бойынша тәжірибелік ұсынымдар берді.
Азат Шахманов, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі
2021 жылдан бастап елімізде 99 қаржы пирамидалары анықталды. 100 мың адам зардап шекті. 40 млрд теңге көлемінде шығын келтірілді. Бәріміз бай, қуатты өмір сүргіміз келеді, бірақ жеңіл ақша тапқымыз келеді. Сондықтан түрлі алаяқтарға сеніп қалады. Олардың 30 пайызы есепшілер мен кәсіпкерлер екен. Алдымен, жоғары проценттік мөлшерлемесіне алданып қалады.
Форум мемлекет пен кәсіпкерлер қауымдастығы арасындағы ашық диалог алаңына айналды.
Самал Қалиқызы