Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында көмір энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруды тапсырды. Сонымен қатар, елдегі экологиялық жағдайға тікелей қатысты бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды. Экономиканың дамуы экологиялық жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс екенін баса айтты.
Президент көмір энергетикасының стратегиялық маңызын атап өтті. Елімізде қатты отынның қоры мол. Оның көлемі шамамен 33 миллиард тоннаны құрайды. Қазіргі тұтыну деңгейімен бұл қор 300 жылға жетеді. Елде жыл сайын 110 миллион тоннадан астам көмір өндіріледі. Бұл Қазақстанға әлемдік деңгейде көшбасшы болуға мүмкіндік береді.
Марина Регатунова, Павлодар облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі
Мен экология және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерімен айналысатын комиссияның өкілімін. Сондықтан құрылтайда айтылған экологиялық мәселелерге ерекше назар аудардым. Президент көмір саласының ел үшін маңызын нақты дәлелдермен айтты. Көмір өндіру мен өңдеу ең озық технологиялар арқылы жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Бұл қоршаған ортаға зиянды азайтуға мүмкіндік береді. Экономиканың дамуын тоқтату мүмкін емес. Бірақ табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану қажет. Қазіргі таңда табиғатқа келетін зиянды азайтатын және оны өтеуге мүмкіндік беретін тәсілдер бар.
Көмір энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Ол су ресурстарымен қатар маңызды рөл атқарады. Алайда Қазақстанда су ресурстарының әлеуеті толық іске қосылмаған. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмысты қайта қарау қажет екенін айтты.
Марина Регатунова, Павлодар облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі
Президент су ресурстары мәселесінің маңызын атап өтті. Бұл сала ерекше назар мен ұтымды пайдалануды қажет етеді. Мен үшін маңызды болған тағы бір мәселе – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану туралы ұсыныс. Бұл қағиданы Конституцияның жаңа редакциясына енгізу ұсынылды. Құрылтайдан кейін жақсы серпін пайда болды. Біз Президенттің барлық ұсыныстарын қолдап, еліміздің дамуы үшін еңбек етеміз.
Сондай-ақ, Президент әлеуметтік-экономикалық даму, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру және билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайту мәселелеріне де тоқталды. Бұл бастамалар елдің тұрақты дамуына және қоғамның сенімін арттыруға бағытталған.
Сабина Жолдаспаева