Италиядағы ақ ойындарға павлодарлық 3 спортшы да қатысады. Қазір спортшылар Алматы қаласында жаттығуда. Сол жақтан Миланға жол тартады.
Милан Олимпиадасының басталуына екі аптадай уақыт қалды. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы спорттың 10 түрінен 36 спортшымен бақ сынайды. Туризм және спорт министрлігі Италияда өтетін Ақ Олимпиадаға қатысатын Ұлттық құрама мүшелерінің алдын ала тізімін жариялады. Олардың қатарында павлодарлық спортшылар да бар.
Константин Музалевский, Павлодар облысы спорт басқармасының ресми өкілі
Павлодар облысынан Қазақстанның олимпиадалық құрамына 3 спортшы енді. Бұл Арина Ильященко, ол шаңғы спорты бойынша. Спортшы лицензияны әлемдік кубок кезеңдерін өткеннен кейін алды. Роман Иванов фристайл акробатикадан жарысады. Ол әлемдік кубок кезеңдерінен өтіп, жолдама алды. Дария Ряжко, ол да павлодарлық спортшы. Тереңкөлден бастады. Қазір спортшылар Алматы қаласында, сол жақта дайындықта.
Италиядағы Ақ ойындардың басты ерекшелігі – гендерлік теңдік. Лицензия алған спортшылардың 18-і ерлер болса, 18-і әйелдер. Ал министрлік өкілдері медальға үміт артылатын спорт түрлері ретінде шорт-трек, фристайл және биатлонды атап отыр.
Самал Қалиқызы