Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Конститутциялық реформа өткізуді ұсынды. Президент тапсырмасынан кейін Ата заңымызға толықтыру енгізу туралы комиссия құрылып қызу жұмыс басталып кетті. Саясаттанушылар бұл бастаманы қолдайды.
Елу жылда, ел жаңа. Ал Ата заңымыздың қабылданғанына 30 жылдан асты. Заман өзгерді, уақыт талабы да басқа. Жаңа бағыт, жаңа міндеттер қойылған кезеңде ел ілгері жүріп, қарқынды дамиды. Қазір ғалымдар, қоғам белсенділері, саясаттанушылар мен депутаттар күн сайын комиссияда Конституцияны заманға сай жетілдіріп, азаматтардың құқығын қорғауға арналған ұсыныстарын ортаға салуда.
Борис Поломарчук, саясаттанушы
Соңғы 30 жылда әлем түбегейлі өзгерді. Цифрлық технологиялардың дамуы мен нейрожелілердің пайда болуы соның айқын дәлелі. Осы уақыт ішінде қолданыстағы Конституциямызға да бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әлем бір орында тұрмайды, сондықтан біз көріп отырғандай, түбегейлі өзгерістер енгізу қажеттілігі туындап отыр. Бұл өзгерістер ең алдымен адам құқықтарын кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, цифрлық деректерді қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын сақтау секілді жаңа нормалар Конституцияда көрініс табады. Сонымен қатар, негізгі, базалық адам құқықтары өзгеріссіз қалады. Бұл тұрғыда азаматтардың алаңдауына еш негіз жоқ. Мемлекет адамның өміріне қатысты негізгі міндеттемелерді өз мойнында сақтайды, ал азаматтардың құқықтары мен міндеттері бұрынғы Конституцияда қалай бекітілсе, сол күйінде қалады. Осылайша, қоғамға XXI ғасыр талаптарына сай өмір сүруге мүмкіндік беретін жаңа Конституциялық жоба ұсынылатын болады.
Конституцияға енгізілетін өзгерістер, уақыт талабынан туындаған маңызды қадам. Қоғам дамуының жаңа кезеңіне сай келіп, мемлекеттің құқықтық негізін нығайта түседі. Адамның негізгі құқықтары сол күйінде сақталып, жаңа мазмұнмен толықтырылады. Бұл жаңартулар азаматтардың болашағына сенім ұялатып, берік құқықтық жүйе қалыптастырады.
Әйгерім Тоқпанқызы