Астана қаласында қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларды ауруханаға жатқызуға тыйым салынды. Біздің өңірде жағдай қалай? Жалпы қызылша жұқтырғандар қатары артты ма? Тілшіміз тарқатсын.
Павлодар облысында өткен жылы қызылшаның 150 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда 132, жасөспірімдерде 2 және ересектерде 16 жағдай анықталды. 2026 жылы да қызылшамен ауырған 35 науқас анықталды.
Ақмарал Смағұлова, Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы
Сырқаттанғандардың басым бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың қатарында 1 жасқа толмаған, әлі екпе алмаған балақайлар да бар. Біздің өңірде Астанадағыдай жағдай тіркелмеді. Себебі облыста жағдай тұрақты.
Сонымен қатар, Астана қаласының бас санитарлық дәрігері қызылшаға қарсы екпе алмаған балаларды ауруханаға жатқызуға тыйым салынады деген қаулыға қол қойды. Ал, павлодарлық санитарлар мындай шектеулер өңірде ауру өршіген жағдайда ғана қабылданатынын айтты.
Ақмарал Смағұлова, Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы
Астана қаласының бас санитарлық дәрігері қаулы шығарғаны белгілі. Біздің өңірде жағдай тұрақты. Бізде күн сайын мониторинг жүргізіледі. Күнде профилактикалық шаралар жасалады. Біздің өңірде екпе алмаған балалар ауруханаға қабылданады. Бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты.
Мамандар қызылшаның алдын алуда ең тиімді шешім – вакцина деді. Себебі ауырып қалған балалардың көбінің ата-анасы вакцинадан кезінде бас тартқандар. Бұдан бөлек, Павлодарда жіті респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар қатары да бар.
Ақмарал Смағұлова, Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы
Статистикаға келсек 64 пайызы 14 жасқа толмаған балалар. 2025-2026 жылғы эпидмаусымда 57 расталған тұмау анықталды. Олардың ішінде 32 бала бар.
Санитарлық мамандар қауіпсіздік шараларын сақтауға, қоғамдық орындарда бетперде тағуға шақырады.
Самал Қалиқызы