Павлодар облысының кардиоорталығында сырқат жүректерге арналған заманауи қондырғылар белсенді қолданылуда. Бұл қымбат аппараттар МӘМС жүйесі арқылы науқастарға тегін орнатылуда.
Кардиоорталық жұмысы қауырт. Дәрігерлер құрал-жабдықтарды дайындап, науқастар тексеруден өтеді, медбикелер әрбір пациенттің жағдайын бақылауда ұстайды. Мамандардың басты назары – әрбір процедураның қауіпсіз әрі барынша тиімді өтуінде.
Ирина Ли, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бөлімшесінің меңгерушісі
Пациент Велиев Шукур Алиоглының жасы 60-та. 2023 жылы ол бізге өте ауыр жағдайда түсті, содан кейін біз оны Астанаға механикалық құрылғы имплантациялауға жібердік. Ол жерде оған “ЭЛВАТ” деп аталатын құрылғы орнатылды. Бұл – ауыр жүрек жеткіліксіздігі кезінде қан айналымын қолдайтын жоғары технологиялық механикалық құрылғы.
Процедура алдында дәрігерлер науқастың жағдайын мұқият талдап, тәуекелдерді бағалап, аппараттың ең оңтайлы жұмыс режимін таңдайды. Мұндағы әрбір шешім ұсақ-түйекке дейін мән беріп, пациентке барынша қолдау көрсетуге бағытталған.
Шукур Велиев, кардиоорталықтың пациенті
Инфаркт алып, Павлодар облысындағы кардиоорталыққа түстім. Маған алғашқы көмек көрсетілді, ем қабылдадым, түрлі талдаулар жасалды. Себептерін анықтады, содан кейін кардиостимулятор орнатты. Құрылғы қойылған соң жағдайым біраз тұрақтанды. Кейін 2023 жылы жүрекке орнатылатын осы аппаратқа келісім бердім. Одан кейін бәрі қалыпқа келді, өзімді жақсы сезінемін. Ауырып жүрген және бұл аппараттан қорқатын адамдарға бұл мүмлдем қауіпсіз дегім келеді.
Бұл жоғары технологиялық медициналық көмек науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілді. Осылайша күрделі әрі қымбат процедуар азаматтарға қолжетімді болып, тұрғындардың қосымша шығынсыз заманауи кардиологиялық көмек алуға мүмкіндік берді.
Сергей Болахов, кардиоорталықтың пациенті
Менің жүрегіме орнатылған кардиостимулятор шұғыл түрде ауыстырылды. Негізі жоспарлы түрде ауыстырылуы тиіс болған менікі жоспардан тыс ауыстырылды. Осыған ат салысқан жандардың бәріне алғыс айтамын.
Кардиоорталық – заманауи технологиялар мен дәрігерлердің кәсібилігі тоғысып, адам өмірін жалғайтын орын.
Инновациялық құрылғылардың арқасында ауыр жүрек жеткіліксіздігі бар пациенттер толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алып, әрбір күн жүрек саулығына және ертеңгі күнге деген сенімге жасалған қадамға айналуда.
Жанасыл Серікбол