Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Павлодар облысының әлеуметтік дамуы қаралды. Жиынға сала министрлері мен өңір әкімі Асаин Байханов қатысты.
Өңірде оң нәтижелермен қатар, шешімін күтетін мәселелердің де бар екені айтылды. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында медициналық кадрларды даярлауды күшейту және халықпен жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге назар аударылды. Сондай-ақ, вакцинацияға қатысты медиажоспар әзірлеу міндеті белгіленді. Одан кейін білім саласы сөз болды. Орта білім сапасын арттыруға, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшыларының басқарушылық құзыреттерін күшейтуге басымдық берілуі қажет екені айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бағыты бойынша әлеуметтік келісімшартты іске асыру, әлеуметтік саланың бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс істеуі және көші-қон саясатына қатысты мәселелер қаралды. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамыту мәселесі көтерілді. Туризм де назардан тыс қалмады. Бүгінде әсіресе, Баянауыл курорттық аймағына келушілер көп екені айтылды. Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева облыс әкімдігіне әрбір бағыт бойынша нақты шаралар қабылдап, қызметтер сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, мамандардың біліктілігін арттыруды және кадр тапшылығын кезең-кезеңімен төмендетуді де жүктелді.