Аймақта «Қауіпсіз аула» жедел-профилактикалық шарасы өтуде. Осы бастама аясында Екібастұз қаласының көшелері мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында полиция қызметкерлері кезекшілік жүргізді.
Шара барысында патрульдік полиция ротасының және учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген аумақтарды аралап, құқық бұзушылықтардың алдын алуға басымдық берді. Полицейлер қоғамдық орындарда тәртіптің сақталуын қадағалап, тұрғындарға жеке және қоғамдық қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Әсіресе қоғамдық орындарда алкогольдік мас күйде болу, азаматтардың тыныштығы мен демалысын бұзу фактілеріне ерекше назар аударылды. Анықталған әрбір құқық бұзушылық бойынша жеке профилактикалық әңгімелер жүргізілді. «Қауіпсіз аула» шарасының мақсаты қоғамдық тәртіпті арттырып, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтау.
Сабина Жолдаспаева