Павлодар тұрғынына жасына байланысты зейнетақы тағайындау кезінде мүгедек балаға күтім жасау мерзімі есепке алынбаған. Себебі, қызының сол кезеңдегі мүгедектігін растайтын құжаттары болмаған. Алайда зейнеткер тағайындалған зейнетақы мөлшерімен келіспей,сол жылдарды еңбек өтіліне қосу құқығын соттан тануды сұрап шағымданды.
Маржан Құрманғалиева, Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінің бас маманы
Сот талқылауы барысында мұрағаттық медициналық құжаттардың сақтау мерзімі өтіп кетуіне байланысты сақталмағаны анықталды. Бұл ретте соттың белсенді рөлі аясында уәкілетті органдардан ақпарат сұратылды. Сот, талап қоюшының қызы бала кезінен орташа және ауыр дәрежедегі бронх демікпесімен ауырғанын анықтады. Халық банкі, «Қазпочта» АҚ және білім басқармасының мәліметіне сәйкес, баланың атына мүгедектік жәрдемақысы мен мүгедек бала күтімі бойынша төлемдер салынған арнайы шоттар ашылған. Сонымен қатар, медициналық себептерге байланысты дене шынықтыру сабағынан босату да расталды.Әлеуметтік кодекстің және даулы кезеңде қолданыста болған заңнаманың нормаларын ескере отырып, сот даулы кезеңді мүгедек баланы күту уақыты деп тануға негіз бар деген қорытындыға келді.Сот талап қоюшының 1992–2001 жылдар аралығында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы күту кезеңін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеу құқығын таныды. Шешім заңды күшіне енді.