Ұзақ өмір сүру – тек жасқа емес, салауатты өмір салтына тікелей байланысты. Қозғалыс, еңбек пен белсенділік адамды қартайтпай, керісінше сергек ұстайды. Бұған Баянауыл ауданы Майқайың кентінде тұратын Зұлхиза Мұсатаева Гаянқызының өмір жолы бұған дәлел. Тоқсанды бағындырған кейуана бүгінде өнер мен қоғамдық жұмыстардан қол үзбей келеді. Ардагер ананың өмірімен тілшіміз Сабина Жолдаспаева танысып қайтты.

Зұлхиза Мұсатаева Гаянқызы 1936 жылы Башқұртстанда әскери қызметкердің отбасында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, тұрмыстың ауыртпалығын ерте сезінді. Қиындықтар оны жастайынан еңбекке шыңдап, төзімділік пен жауапкершілікке баулыды. Кейін Майқайың кентіне қоныс аударып, татар-башқұрт қауымын біріктіріп, «Ялкын» этномәдени орталығының құрылуына бастамашы болды.

Зұлхиза Мұсатаева, Майқайың кентінің тұрғыны

1955 жылы 10 сынып бітірген соң, комсомол путевкамен Ресей жерінде жүрдім. Стройкада істедім. Шкатур да болдым, моляр, каменьщик та болдым. Сосын 1957 жылы Қазақстанға жолдама алып келдім, Екібастұз қаласына. Ол жақта да каменьщик болдым, пекарь да болдым. Істемеген жұмысым болмады. Одан кейін, жолдасымды кездестіріп, үйлі болдым. Келін болып түстім.

Бүгінде Зұлхиза Гаянқызы қолөнермен айналысып, моншақтан әшекей бұйымдар жасап, ұлттық ою-өрнекпен безендірілген киімдер тігеді. Ансамбль жетекшісі ретінде өнер ұжымына арналған ұлттық киімдерді де өзі дайындайды. Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін ол бірнеше мәрте «Коммунистік еңбектің екпіндісі» атағына ие болып, Жеңістің мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ Павлодар облысы мен Майқайың кентінің мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталған. Қазір де ардагер ана мәдени шаралардан қол үзген емес.

Зұлхиза Мұсатаева, Майқайың кентінің тұрғыны

Құдайға шүкір, жылына біз міне 1 мамырға, 9 мамырға облыста әрқашан өнер көрсетіп жүреміз. Осы 20 жылдықты өткіздік өзіміздің ассамблеяның. Облыстан, достық үйінен қонақтар келіп өзімнің 90 жасыма келгенімді құттықтады. Бұрын күнде баратынмын мәдениет үйіне. Қолөнер істеп, әңгіме соғып, шәй ішіп отыратынбыз. Қазір ассамблеяда жастар қалды, үлкен кісілер жоқ.

2011 жылдан бері Зұлхиза Мұсатаева Майқайың кенті ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі ретінде қоғамдық өмірге араласып келеді. Ардагер ананың айтуынша, ұзақ ғұмыр мен сергек өмір – үнемі қозғалыс пен спортқа деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Ол жастайынан спортпен шұғылданған.

Зұлхиза Мұсатаева, Майқайың кентінің тұрғыны

Мен спортпен айналысамын. Жаттығулар жасаймын. Соның арқасында шығар 90-ға келіп, қазір жүргенім. Өзіме қатты қарайтынмын, жаттығулар жасап әрдайым. Серуендеуге шығамын. Жас кезімде спортсмен болғанмын. Шаңғы, коньки тебетінмін. 5-10 км станциядан бірінші орын алатынмын. Қазір бәрі қалды, үйде бәйбіше болып. Өзімнің кішкене көңілімді көтеруім үшін мәдениет үйіне барамын. Отырып, әңгіме соғамыз кездескен кезде. Шараларға дайындаламыз, өлең айтамыз.

Зұлхиза Гаянқызы жұбайы Айтпай Мұсатаевпен бірге төрт бала тәрбиелеп өсірді. Қазір ол алты немере мен он бес шөберенің ардақты әжесі. Баянауыл ауданында өнерімен де, өмірлік тәжірибесімен де көпке үлгі болған әже тоқсан жасқа келсе де, белсенді өмір салтынан айнымаған. Еңбекке адалдық пен қозғалысқа толы ғұмыр – оның ұзақ өмірінің басты сыры.

Сабина Жолдаспаева