Елімізде әзірленіп жатқан жаңа Конституция жобасындағы еңбек және әлеуметтік салаға қатысты өзгерістер кеңінен қаралды. Арнайы жиында ұсынылып отырған нормалар азаматтардың құқықтарын қорғаудағы рөлі мен оларды іске асыру тетіктері талқыланды. Құжаттағы түзетулер еңбек қатынастарының ашықтығын арттырып, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге бағытталған.
Кеңес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өтті. Жиын барысында еңбек қауіпсіздігі, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды. Жаңа Конституция жобасында бұл бағыттар бойынша мемлекеттің жауапкершілігін нақтылау, азаматтардың еңбек құқықтарын баршаға бірдей қамтамасыз ету көзделгені айтылды. Ұсынылған өзгерістер еңбек саласындағы құқықтық тетіктерді жетілдіруге негіз болмақ.
Асқар Қапанов, Павлодар облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы
Біріншіден, бұған дейін нақты көрсетілмей келген кейбір тұстар нақтыланды. Мысалы, бұрын қауіпсіз еңбек жағдайлары азаматтардың құқығы ретінде ғана айтылса, енді бұл талаптарды мемлекет кепілдендіретіні нақты белгіленді. Бұл өз кезегінде жұмыс берушілердің, мемлекеттің және еңбек инспекциясының жауапкершілігін күшейтеді. Алдағы уақытта осы бағытта өзге де нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізіледі деп күтіледі.
Жиында ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты – адам мен оның әл-ауқатын басты құндылық ретінде айқындайтын әлеуметтік жауапты мемлекет қалыптастыру. Жаңа Конституцияда әлеуметтік саясат мемлекеттік қызметтің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастырылған. Мемлекетке халықтың тұрмыс сапасын арттыру, азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау міндеті жүктеледі.
Асқар Қапанов, Павлодар облысы бойынша еңбек инспекциясы департаментінің басшысы
Қолданыстағы Конституцияда еңбек шарты бар қызметкерлердің ғана жұмыс уақыты мен демалысқа құқығы көрсетілген. Жаңа жобада бұл тұжырым қайта қаралып, еңбек шартына қарамастан, барлық жұмыс істейтін азаматтарға бірдей әлеуметтік кепілдіктер беріледі деп нақтыланды. Бұл норма бұған дейін Еңбек кодексінде болған, енді ол басты заңда да бекітіледі. Осылайша ресми келісімшартсыз жұмыс істейтін азаматтардың да қорғалуы күшейеді.
Адам капиталының сапасын арттыру ел дамуының негізгі алғышарты екені атап өтілді. Бұл бағыт еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге негіз болмақ. Кеңеске қатысушылар ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға кең мүмкіндік беретінін айтты.
Сабина Жолдаспаева