Облыс әкімі Асайын Байханов Екібастұзда арнайы жиын өткізді. Тақырып біреу. Шаһардың экологиялық ахуалы. Жиын барысында аймақ басшысы қаладағы кәсіпорындарға, сондай-ақ, экология депаратментіне Екібастұздың экологиялық ахуалының бұзылуына жол бермеу міндетін қойды.

Алдымен облыс әкімі шаһардағы көмір кеніштеріне барды. Ондағы ахуалмен танысты. Артынша көшпелі жиын өткізіп, көмір кешінтеріндегі жағдайды талқылады. Өңір басшысы мұндай жағдайлардың қайталануына жол берілмейтіндігін атап өтіп, қаладағы барлық көмір кеніштерінде тәртіп орнатуды талап етті. Көмір өндіру кәсіпорындарының басшыларына барлық экологиялық тәуекелдерді дереу жоюға, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып үйінділердің температуралық режиміне тәулік бойы мониторинг жүргізуге нұсқау берілді.

Облыс әкімі кез - келген түтіндену немесе ластаушы заттардың шекті мөлшерден асу фактілері қайталанған жағдайда бұл өрескел бұзушылық ретінде қарастырылып, кәсіпорын басшылығын жауапкершілікке тартуға дейін қатаң шаралар қолданылатын айтты.

Сондай-ақ қала аспанын түтін басуына жер үйлердің пеш жағуы себеп болып отырғандығын айтып, жеке секторды орталық жылу жүйесіне қосу мәселесін шешуді тапсырды.