Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, заң талаптарын сақтау және алаяқтықтың алдын алу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Осы мақсатта облыс прокуратурасы еңбек ұжымдарымен түсіндіру кездесуін өткізді. Жиын Павлодар машина жасау зауытында ұйымдастырылды.
Шараға облыстық прокуратура, полиция департаменті және еңбек инспекциясының өкілдері қатысты. Мамандар жұмысшыларға еңбек заңнамасының негізгі талаптарын, қызметкер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Сонымен қатар, алаяқтық пен дропперлікке қатысты ақпарат берілді.
Әлихан Солтан, Павлодар облысы прокуратурасының прокуроры
Жалпы, заң және тәртіп идеологиясы аясында Павлодар қаласының прокуратурасы осылай қалада орналасқан кәіпкерлермен шаралар жүргізеді. Оның ішінде дроперлік те бар. Еңбек құқығын қалай қорғау туралы да бар. Өкінішке қарай статистика қарағанда алаяқтық қарапайым халықтың ұсталынып қалу бар. Сол жайлы біз қаланың ішінде емес тікелей жұмыс орнына келіп, қызметкерлермен жұмыс атқару үшін келдік.
Жиын барысында өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Жұмысшылар жарақат алған соң, оны тұрмыстық жарақат ретінде көрсетіп, медицина мекемелеріне кеш жүгінетін жағдайлар кездесуде. Мамандар мұндай жағдайда жарақаттың жұмыс орнында алынғанын нақты айту қажеттігін ескертті. Бұл – қызметкердің заңды құқығын қорғау үшін маңызды.
Ербол Сайфуров, Павлодар облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы
Мемлекеттік еңбек инспекциясы кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына тұрақты түрде бақылау жүргізеді. Бұл – Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен тұжырымдамадағы негізгі мақсаттардың бірі, яғни өндірістегі жарақаттануды азайтуға бағытталған. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, әрбір азаматтың еңбек қауіпсіздігі заңмен қорғалады. Осындай кездесулер заң мен тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеуге және өндірістік жарақаттардың алдын алуға ықпал етеді.
Кездесу барысында зауыт қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Соның бірі – жұмыс берушінің қызметкерді алдын ала ескертусіз жалақысын төмендету мүмкіндігі туралы болды. Еңбек инспекциясының өкілі бұл сұраққа заң аясында нақты түсініктеме берді.
Ербол Сайфуров, Павлодар облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы
Мысалы, егер қызметкер бір айды толық жұмыс істеп, 300 мың теңге жалақы алуы тиіс болса, жұмыс беруші бұл соманы толық төлеуге міндетті. Қызметкерді алдын ала ескертусіз оның лауазымдық жалақысын төмендетуге жұмыс берушінің құқығы жоқ. Кейбір жағдайларда сот орындаушыларының атқару парақтары болуы мүмкін, сол кезде жалақыдан белгілі бір мөлшерде ұстап қалу тек қызметкердің жазбаша өтініші негізінде ғана жүзеге асырылады. Мұндай өтінішсіз жалақыдан ақша ұстауға жол берілмейді. Сонымен қатар, лауазымдық жалақыдан бөлек сыйақы бөлігі бар. Ол еңбек шартында нақты көрсетіледі және қызметкер белгіленген жоспарды орындаған жағдайда төленеді. Бұл төлем лауазымдық жалақыға жатпайды.
Мамандар кездесуден кейін де әр қызметкерге жеке кеңес беруге және құқықтық көмек көрсетуге дайын екендерін жеткізді.
Сабина Жолдаспаева