Елімізде ұсынылған жаңа Конституция жобасы қоғамда кеңінен талқылануда. Құжатта мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер қарастырылған. Ата Заңға енгізілетін бұл түзетулер ел дамуының жаңа кезеңін айқындамақ.

Жаңа Конституция жобасы билік пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Құжатта заң үстемдігін нығайту, ұлттық қауіпсіздік пен тарихи сабақтастықты айқындау мәселелеріне ерекше мән берілген. Ұсынылып отырған өзгерістер елдің құқықтық негізін жаңа деңгейге көтеруді көздейді.

Данияр Жұмаділ, «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Бұл конституцияда жаңа жобада мемлекеттің тұтастығына, мемлекеттің қауіпсіздіге көп мән берілген. Менің бірінші кезекте ескерген дүнием осы. Тіпті, конституцияның преамбуласы деген ұғымы бар. Яғни, кіріспесі. Ол жерде кәдімгідей жазылады «Біз ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері ретінде». Яғни, Қазақстан мемлекетенің тарихы сонау мыңжылдықтардан басталады деген дүние бізге кәдімгі конституциямен тайға таңба басқандай енгізіліп жатыр. Оның маңыздылығы неде десеңіздер. Бұған дейін Қазақстанда жаңа мемлекет болмаған, біздің мемлекеттігімізді тәуелсіз алғаннан бері немесе қазақ хандығымен шектеліп жатқандары бар. Керісінше, біз осы даланы мекендеген талай атақты Түркі мемлекеттерінің, Алтын орданың ұрпағы екенімізді бекітіп жатыр осы преамбулаға. Бұл үлкен жетістік.

Мамандардың пікірінше, жаңа Конституция жобасы қоғамдағы ашықтық пен әділеттілікті арттыруға бағытталған. Құжаттың түпкі мақсаты – халықтың сенімін нығайтып, құқықтық мемлекетті одан әрі дамыту.

Сабина Жолдаспаева