Тереңкөл ауданында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ауқымды профилактикалық шара өтті. Кездесуде мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне есірткінің зияны туралы айтылды. Мамандар жастарға заңды білуге, саналы шешім қабылдауға және өз болашағына жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.

Кездесу барысында жастарға әр қабылданған шешімнін заң алдындағы жауапкершілігі бар екені кеңінен түсіндірілді. Кез келген ұсынысқа сын көзбен қарап, оның салдарын алдын ала ойлау қажет. Әсіресе жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылу - үлкен қауіпке алып келеді.

Ирина Темірғалиева, Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі

Мен үшін әрқайсыңыз осы айтылғанды мұқият тыңдағандарыңыз маңызды. Ертең сіздер оқуға түсесіздер, колледжге барасыздар, біріңіз ауылда қалсаңыз, біріңіз қалаға кетесіз. Қай жерде болсаңыз да, түрлі қауіп-қатерлермен бетпе-бет келулеріңіз мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу өте маңызды.

Кездесуде жасөспірімдерді заңсыз есірткі айналымына тартатын адамдардың қандай тәсілдер қолданатыны түсіндірілді. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы «оңай табыс» ұсынатын күмәнді хабарламалар туралы айтылды.

Ирина Темірғалиева, Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі

Соңғы жылдары есірткі таратқан жасөспірімдер бар. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш жыл сайын көбейіп келеді. Былтыр Павлодар қаласының 9-сынып оқушысы ұсталды. Қазіргі таңда ол жасөспірім сотталып, жазасын өтеп жатыр.

Шара барысында оқушылар үшін интерактивті ойын ұйымдастырылды. Қатысушыларға оңай ақша табуға келісім берген адамның қандай жағдайға тап болатыны көрсетілді. Сондай-ақ, есірткіге қарсы плакаттар байқауы өтті. Оқушылар өз көзқарастарын шығармашылық жұмыстар арқылы білдірді. Үздік жұмыстардың авторлары арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Айзада Сипатова, 8-сынып оқушысы

Біз плакат арқылы есірткінің не екенін, оның қандай зиян келтіретінін және салдары қандай болатынын жеткізуге тырыстық. Егер адам есірткі қолданса, нені жоғалтуы мүмкін екенін көрсеткіміз келді.

Алина Крутикова, 8-сынып оқушысы

Мен суретімде «ажал инесін» бейнеледім. Жасөспірімдерге есірткі ұсынса, бұл сән емес екенін айтқым келді. Керісінше, ол жүйке жасушаларын бұзып, психикаға зиян келтіреді. Өмірде одан да маңызды мақсаттар бар. Олар – отбасы, достар және болашақ жоспарлар.

Кездесуге қоғам өкілдері де қатысты. Олар мұндай алдын алу шаралары тек құқық қорғау органдарының емес, барша қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Жастарды қорғау, дұрыс бағыт көрсету – ата-ана, ұстаз және қоғам болып бірігіп атқаратын жұмыс.

Зүбәйрә Жекеева, Тереңкөл ауданының аналар кеңесінің төрағасы

Заң мен тәртіп аясында жастармен жақсы, мәнді кездесу өтті деп есептеймін. Нашақорлыққа қарсы күрес пен бағыттары жөнінде жақсы әңгімелер айтылды. Әрине, біз аналар біздің болашақ ұрпағымыздың салауатты өмір сүргенін қалаймыз. Сондықтан, аналар кеңесі осы бағытта жұмыстар жүргіземіз деп ойлаймын.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің мақсаты жастарды ақпараттандыру. Себебі қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдап, еш қысымсыз «жоқ» деп айта білу – әр жасөспірім үшін маңызды.

Сабина Жолдаспаева