«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында көлік прокуратурасы полициямен бірлесіп, ауқымды шара өткізді. Барлық өңірді қамтыған акция Павлодарда сапаржай аумағында жалғасты.
«Құқықтық дәрігер» акциясы азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және көлік инфрақұрылымы нысандарында заң бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Ол жолаушыларға жол үстінде жиі кездесетін бұзушылық салдарын жан-жақты түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Сапаржайда полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық форматта кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Вокзалдар, әуежайлар мен автовокзалдар қоғамдық орындары «сергек аймақтарға» жатады. Сондықтан бұл нысандарда алкоголь ішіп, мас күйде келген азаматтар әкімшілік құқық бұзушылық арқалайды.
Айта кетейік, былтыр әкімшілік кодекстің 559-бабы 5-тармағы бойынша 46 мыңнан астам тәртіп бұзушылық тіркелген. 2026 жылдың басынан бері бұл көрсеткіш 3 мыңнан асты. Барлық жағдай бойынша кінәлі азаматтар заң аясында жауапқа тартылды.
Байтұрсын Жұмабай