Баянауыл ауданында сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген құстарды шетелге заңсыз шығарумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Мемлекетке келтірілген шығын 120 миллион теңгеден асады.
5 ақпан күні полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен заңсыз схеманың жолын кесті. Сирек құстар Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында ауланған. Кейін оларды шетелге жасырын түрде тасымалдау жоспарланған. Аталған қылмысты жасады деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Олардың арасында Баянауыл ұлттық паркінің қызметкерлері де бар.
Қуандық Алпыс, ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі
17 тінту жүргізілді. Нәтижесінде 40-тан астам сирек құс, 5 атыс қаруы, шамамен 200 оқ-дәрі, суық қарудың бірнеше түрі, құстарды ұстауға және тасымалдауға арналған арнайы құрал-жабдықтар, сондай-ақ басқа да маңызды айғақ заттар тәркіленді.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық күдікті қамауға алынды.
Сабина Жолдаспаева