5 сынып оқушысы хош иістердің адамның көңіл күйіне, эмоциясына және ішкі жай-күйіне қалай әсер ететінін зерттеп жүр. Осы арқылы өз қолымен әтір жасайды екен.
Оқушының бұл әуестігі жай ғана қызығушылықтан басталған. Иістердің әсерін түсінуге ұмтылған Сұлтана табиғи материалдарды қолданады. Ол шөптер мен дәмдеуіштерді таңдап, зерттеп, оларды үйлестіре отырып, иіссу жасайды.
Сұлтана Умиева, оқушы
Колбаға біз қажетті өнімдерді салып, су құямыз. Қоспа қыздырылған кезде бу шығып, ол шар тәрізді тоңазытқышқа өтеді. Бу осы жерге кіріп, тоңазытқыштың ішіндегі суық судың әсерінен салқындайды. Нәтижесінде бу тамшыға айналады. Осылайша біз гидролат немесе эфир майын өндіреміз. Дайын әтірді алу үшін шамамен бір сағат уақыт қажет.
Жұмыс барысында Сұлтана мацерация және дистилляция әдістерін қолданады. Әртүрлі тәсілмен алынған иістерді салыстырып, олардың ерекшеліктерін талдайды. Осы арқылы зерттеушілік дағдыларын дамытып, химия мен биологияның негіздерін меңгеруде.
Сұлтана Умиева, оқушы
Апельсиннің хош иісінен жасалған әтірді пайдаланған кезде сыныптастарымның сабырлы қалыпқа түсіп, сабаққа зейінінің артқанын байқадым. Соның нәтижесінде хош иістердің адамның эмоциясы мен көңіл күйіне оң әсер ететінін анықтадым.
Оқушының анасы қызының бастамасын қолдап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен.
Гүлмира Умиева, анасы
Егер балаға бұл іс ұнап, қызығушылығы туындаса, барынша қолдаймыз. Қолдан келген көмектің бәрін жасауға дайынбыз. Негізі қызымның хош иістерге әуестігін кішкентай кезінен байқағанмын. Тіпті иіс арқылы үйге кім келгенін де еркін ажырата алатын.
Қазір оқушы жобасын облыстық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда таныстырып жүр. Алдағы уақытта ол әтірмен қатар, кеңсе мен үйге арналған хош иістендіргіштер жасауды жоспарлап отыр.
Байтұрсын Жұмабай