Жаңа Конституция жобасы кеңінен талқыланып жатыр. Осы тұста сарапшылар білім беру мен ғылымнан бастап, жеке тұлғаның құқықтық қорғалуына дейінгі негізгі салалар туралы пікір білдірді.
Конституцияның жаңартылған редакциясы білім, ғылым, мәдениет және инновация мемлекеттің стратегиялық негізі ретіндегі рөлін күшейтеді. Бұл бағыттар негізгі заң деңгейінде бекітіліп, ел болашағы үшін олардың басымдығы айқындалады.
Юрий Колесников, экономика және құқық факультетінің деканы
Жаңа негізгі заң мәтінінің өзегінде білім, ғылым, мәдениет және инновациялар айқындалған. Бұл – мемлекетіміздің болашағы минералдық ресурстар мен табиғи байлықтарға емес, адам капиталы мен азаматтарымыздың жетістіктеріне негізделетінін көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді.
Айта кету керек, құқықтық жүйеге де ерекше назар аударылған. Конституцияда адвокатура және адвокаттық қызметке қатысты ережелер кеңейтілген. Зияткерлік меншік құқығын қорғау, сондай-ақ құқық қолдану саласындағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау күшейтіледі.
Юрий Колесников, экономика және құқық факультетінің деканы
Алғаш рет адвокатура мен адвокаттық қызметке арналған баптың енгізілуі, зияткерлік меншік құқығын қорғау, азаматтардың құқықтарына кепілдіктерді күшейту, соның ішінде азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдарға кері тыйым салу қағидаты. Сондай-ақ кінәсіздік презумпциясы, бір құқықбұзушылық үшін қайталап жауапкершілікке тартуға жол бермеу, Конституцияда Миранда құқығын бекіту – осының барлығы маңызды жаңашылдықтар. Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында преамбула, 11 бөлім және 95 бап ұсынылған.
Жоба құқықтық кепілдіктерді нығайтуға, жеке тұлғаны қорғауға және заманауи құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Негізгі заң тек заңдық құжат қана емес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың нақты құралына айналмақ.
Дильназ Қуанышбекқызы