Бүгін өңір басшысының қатысуымен аппараттық жиналыс өтті. Онда облыстың бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны талқыланды.
Облыстағы инфляция республика өңірлері арасындағы ең төменгі көрсеткішке ие. Азық-түлік тауарларының бағасы 2,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 2,2 пайызға, ал ақылы қызметтер бағасы 1,2 пайызға өскен.
Сәуле Жүнісбаева, Павлодар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары
«Ағымдағы жылғы қаңтар мен сәуір айларының аралығында өнеркәсіп өндірісінің 0,4 пайызға ұлғаюы күтілуде. 2,1 пайызға өсуімен негізгі капиталға 126 млрд-тан астам теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында 4 айдың қорытындысы бойынша 4,6 пайызға өсу күтілуде. Ішкі сауданың өсуі 110 пайызды құрайды.»
Оған қоса, құрылыс саласының өсімі 11,9 пайызға өседі, осылайша шамамен 70 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі
«Өңіріміздің экономикасы тұрақты дамуда, өңіріміз барлық көрсеткіш бойынша оң динамикаға иеміз. Дегенмен де кейбір аудандарда, қалаларда төмендеу байқалады. Ол Екібастұз бен Ақсудың өндірісі бойынша және де Павлодар ауданының инвестиция мен құрылыс салалары бойынша. Екі қала, әрине, резервтерді қарастыру керек. Өндірісте қайта өңдеу саласын толықтай талдап, керекті шараларды қабылдау керек. Ал енді Павлодар ауданында екі көрсеткіш төмендеуі байқалады.»
Аудандардың әкімдері мәселелердің бақылауда екенін және тиісті жұмыстардың жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Келесі кезекте жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Биыл 18 мыңға жуық адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Қазіргі таңда 4392 адам жұмысқа орналасты. Көшті Успен ауданы бастап тұр. Сонымен қатар, субсидияланатын жұмыс орындарына қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Самал Қадырова, Павлодар облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы
«Біріншіден, субсидияланып отырған жұмыстарға қабылдаудың қағидалары өзгертілді. Соған байланысты бірінші жұмыс берушілердің жалақы және салық жағынан берешектері болмау керек. Екінші, өзінің штаттық бірліктеріне байланысты тек қана 10 пайызын ғана жұмысқа ала алады. Мысалы он адам болса, бір адамды ғана субсидияланатын жұмысқа ала алады. Үшінші, бұл жерде сол орналастырған адамның біреуін тұрақты жұмысқа орналастыру керек және де ауылдық округтердің әкімдіктеріне лимиттер қойылған.»
Облыс бюджетінің кірістері 152,9 млрд теңге болып жоспарланғанмен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша, нақты 119,4 млрд теңге түскен. Нәтижесінде 33,5 млрд теңге көлеміндегі кірістер орындалмаған.
Жеңіс Шақатов, Павлодар облыстық қаржы басқармасының басшысы
«Негізіне бензинге салынатын акциздер бойынша 30 млрд теңге орындалмады. Бұл акциз мөлшерлемесін есептеу формуласының өзгеруіне, акциздер бойынша салықтық әлеуетті қолдануға және жанар-жағармай бағасын көтеруге енгізілген мораторийге байланысты.
Облыс бюджетінің шығыстары 122,1 млрд теңге болып жоспарланып, нақты 121,5 млрд теңге игерілген. Игерілмеген қаражат қалдығы 667,5 млн теңге болды.
Жұлдыз Қабылденова