Павлодарда «Таза Қазақстан» атты ауқымды экологиялық акция жалғасуда. Өткен демалыс күндері жүздеген қала тұрғындары жалпыоблыстық сенбілік аясында Жетекші ауылы маңын қоқыстан тазартты.

Жүздеген қап қоқыс қатар-қатар жиналып, техника қалдықтарды жедел түрде тасып әкетті. Бірнеше сағаттың ішінде Жетекші ауылы маңы тазартылды. Экологиялық акцияға мемлекеттік қызметкерлер, қалалық кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. «Жасыл Ел» қалалық штабының жасақтары да сенбіліктен тыс қалмады.

Сенбілік 18 - сәуірде басталған абаттандыру және тазалық айлығы аясында өтті. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, осы уақыт ішінде 9 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған.

Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы

Акция басталғалы бері мыңдаған павлодарлық қала тазалығына өз үлесін қосты. Бүгін жүздеген тұрғын Жетекші ауылы маңындағы заңсыз қоқыс орнының тазалығына қатысты. Қатысушыларға Павлодар қаласының ТҮКШ бөлімі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Сондай-ақ қатысушыларға ыстық палау, шай және бауырсақ ұсынылды.

Экологтар мұндай акциялардың маңызы тек қаланы тазарту ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарауын қалыптастыру екенін атап өтеді. Тазалық айлығы 18 мамырға дейін жалғасады. Оның аясында қалада «Таза аула» атты ең таза аулаға арналған байқау да өтуде. Бұл экологиялық сайыстың қорытындысы 20 мамырда шығарылады.