Биыл Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың орын алғанына 40 жыл толды. Павлодарда осыған орай апаттың зардабын жоюға қатысқан азаматтарды еске алуға арналған шара өтті.

Облыс орталығында адамзат тарихындағы ең ірі техногенді апаттардың бірінің 40 жылдығына арналған шара өтті. Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева сөз сөйлеп, апат салдарын жоюға қатысқан азаматтардың ерлігі мен жанқиярлығын атап өтті. Сондай-ақ ол ұрпақтың болашағы жарқын, еліміздің тыныштығы баянды болуын тіледі.

Светлана Гладышева, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары

«Бүгін біз 40 жыл бұрын өз өмірі мен денсаулығын қатерге тігіп, әлемді құтқарған жандарды еске алып, оларға тағзым етеміз. Сол бір бейбіт таңның өзінде ешкім не болғанын түсінбеді, тек ондаған жылдар өткен соң баршамыз бұл адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апат болғанын ұғына бастадық.»

Шара барысында қатысушылар осы сұрапыл оқиға салдарын жоюға қатысып, қаза болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды, кейін ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Чернобыль апаты мыңдаған адамдардың тағдырына ауыр соққы болып тиді. Апат салдарын жоюға атсалысқан ардагерлер бұл кезеңді өмірлеріндегі ең қиын әрі қауіп-қатер мен үлкен жауапкершілік қатар жүрген уақыт ретінде еске алады.

Рамазан Баяндинов, Чернобыль апатының ардагері

«Мен әскер қатарына шақырылғанда, Литваға жіберді. Сол жерде Игналина атом электр станциясының құрылысына қатыстым. Екі жыл ішінде станцияны тұрғыздық, алғашқы блогы іске қосылды. Ал Чернобыльге мен 1987 жылы бардым. 1986 жылдың сәуіріндегі жарылыстан кейін сонда адамдарды жинай бастаған еді. Мен ол жақта дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Әртүрлі жұмыстар атқардық: шатырларды тазаладық, биікте жұмыс істедік, дәнекерлеумен айналыстық – жалпы барлық қажетті істі өзіміз орындадық.

Ардагердің қызы Айнұр Баяндиноваа әкесінің ерлігін мақтанышпен айтып, апат салдарын жоюға қатысқан барлық жанға зор алғыс пен құрмет білдірді.

Айнұр Баяндинова, Павлодар қаласының тұрғыны

«Ардагерлер қатарында менің әкем де бар – Баяндинов Рамазан Амергалиевич. Әкемді әрдайым мақтан тұтамын. Жасаған ерен еңбегін әрдайым үлгі-өнеге тұтамыз. Ең ауыр сынақтардың бірінде ерлік пен табандылық көрсеткендеріңіз үшін біз сіздерді үлгі етеміз. Болашақ ұрпақтың амандығы үшін аянбай еңбек еттіңіздер. Сіздерге зор денсаулық, ұзаұ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық тілейміз. Есімдеріңіз, ерліктеріңіз әрдайым ел есінде мәңгі сақталсын!»

Бұл шара ардагерлердің есімдері мен өмір жолы ұрпақ жадында сақталатынын айқын көрсетті. Олардың ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Келешек ұрпақ үшін бұл тағылымы мол тарихи сабақ болып қала береді.

Жұлдыз Қабылденова