Кеше Павлодар облысында ауа райы күрт нашарлап, төтенше жағдай тіркелді. Жел соғып, аспанды қалың бұлт торлап, көріну деңгейі айтарлықтай төмендеді. Салдарынан үйдің шатырлары ұшып, бір адам ауруханаға жеткізілді.
Екібастұз қаласында желдің екпіні күшейіп, тұрғындарға қиындық туғызды. Ал Тереңкөл ауданындағы Байқоныс ауылында қатты желдің салдарынан тұрғын үйлердің бірінің шатыры ұшып кеткен.Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккендер де бар. 1985 жылы туған әйел Ақтоғай аудандық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер бет әлпеті аумағындағы жарақат бойынша алғашқы медициналық көмек көрсетті. Науқасты Павлодар қалалық №1 ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөліміне жеткізу жоспарланды. Қолайсыз ауа райына байланысты қалада барлық қызметтер күшейтілген режимге көшірілді. Өңірде дауылды ескерту жарияланды. Синоптиктердің болжамынша, 27 сәуірге қараған түні облыстың солтүстігі мен шығысында жаңбыр мен қар жаууы мүмкін. Сонымен қатар, ауа температурасының күрт төмендеуі және желдің күшеюі күтіледі. Қала әкімдігінің мәліметінше, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желілер ұйымдастырылған. Төтенше жағдай туындаған жағдайда тұрғындарға 112, 101 нөмірлеріне немесе әкімдіктің арнайы байланыс желісіне хабарласу ұсынылады.
Сабина Жолдаспаева