Павлодар облысында заңсыз көші-қон арнасы анықталып, оның қызметі тоқтатылды. Қылмыстық полиция қызметкерлері арнайы операция барысында мемлекеттік шекара арқылы заңсыз транзит ұйымдастыру әрекетін дер кезінде тоқтатты. Бұл жөнінде Polisia.kz хабарлады.

Жедел іс-шаралар барысында Ресей Федерациясы аумағы арқылы Қазақстанға заңсыз тасымалдау схемасын ұйымдастырған шетелдік азамат ұсталды. Қылмыстық жоспарды іске асыру үшін ол жүк көлігін пайдаланған. Көлікті тексеру кезінде жедел қызметкерлер адамдарды тасымалдауға арналған арнайы жасырын орынның бар екенін анықтады. Автокөлік тәркіленіп, арнайы айып тұрағына қойылды.

Қылмысты ұйымдастырушыға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Транспортты ұсыну және ілеспе қызметтер көрсету арқылы заңсыз көші-қонды ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және күдіктінің басқа да осындай құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын тексеруге бағытталған тергеу әрекеттері жалғасуда. Павлодар облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, заңсыз көші-қонға қатысы бар барлық тұлғаны анықтау жұмыстары жалғасуда.