Павлодар облысында жыл басынан 4 мыңнан аса адам жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш жылдың соңына дейін өседі деп жоспарланып отыр. Жалпы жұмыспен қамтудың тағы қандай бағыттары бар, тілшіміз айтсын.
Биыл өңірде мемлекеттік және жеке жобалар аясында 18 мың жұмыс орнын құру жоспарланған, оның 14 мыңы тұрақты, бұл жалпы көлемнің 78%-ын құрайды.
Өңірде жұмыспен қамту бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылады. Инфрақұрылымдық жобаларға 677 адамды тарту жоспарлануда, оның ішінде 153-і тұрақты жұмыс орындарына орналасады. «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 4430 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар бос жұмыс орындарына 8500 тұрғынды орналастыру жоспарланып отыр. Ал, 2026 жылдың сәуірінен бастап субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК (1,73 млн теңге) мөлшерінде 350 грант беру қарастырылған. Жұмыспен қамтуды мониторингтеу ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіледі — электрондық еңбек шарттарының және міндетті зейнетақы аударымдарының болуын тексеру негізінде.
Самал Қалиқызы