Аймақ басшысы Успен ауданына барды. Онда дала жұмыстарымен танысып, шаруалармен кездесті. Бұдан бөлек, ауданда салынып жатқан 36 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аумағына соқты.
Аудан әкімдігі биылғы егіс науқаны жоспарға сай әрі кеңейтілген көлемде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында әлеуметтік маңызы бар дақылдарға ерекше көңіл бөлінген. Биыл қарақұмық егісі 17,5 мың гектарға жеткен. Күнбағыс алқабы 102,4 мың гектарды құрап отыр
Ауданда көктемгі егіске қажетті тұқым толық дайындалған. Жалпы 15,4 мың тонна тұқым бастырылып, бұл көрсеткіш қажеттіліктің жүз пайызын құрап отыр. Оның ішінде 2,5 мың тоннасы элиталық тұқым, яғни жалпы көлемнің 17,6 пайызы.
Минералды тыңайтқыштар бойынша да жұмыстар жалғасуда. Қазіргі таңда 19,1 мың тонна тыңайтқыш сатып алынған, жалпы жоспар – 29 мың тонна, қалған бөлігі күзгі кезеңде толықтырылады. Өңір басшысын қабылдаған шаруашылықтардың бірі «Руслан» шаруа қожалығы.
Өңір басшысы Асайын Байханов жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен көктемгі егіс жұмыстарының барысын, тұқыммен қамтамасыз ету, егін егу науқанын қаржыландыру, техниканы жаңарту және мал шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады. Дихандардың айтуынша, шаруашылықтарда күнбағыс пен бидай егу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Бұдан бөлек, әкімге Успен ауданындағы жолдардың жөнделуі, әлеуметтік нысандардың жағдайы туралы ақпарат ұсынылды.
Аудандық үш жолға су өткізу құбырлары салынбақ. Аймақ басшысы жұмыстарды қара күзге дейін жеткізбеуді тапсырды. Сонымен қатар, биыл Таволжан мектебінде күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі. Қызылағаш ауылында мәдениет үйі қалыпқа келтірілмек. Қоңырөзекте ФАП бой көтермек. Келесі кезекте әкім Успен ауданында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты.
3 қабатты тұрғын үй жылдың соңында қолданысқа берілмек. Онда 1 бөлмелі 18, 2 бөлмелі 12 және 3 бөлмелі 6 пәтер болмақ. Келер жылдары осы нысанның жанында тағы екі қабатты үйлер бой көтеретін болады.
Самал Қалиқызы