Павлодар облысында жер сілкінді. Дүмпуді әсіресе екібастұздықтар мен Баянауыл ауданының тұрғындары айқын сезгендерін жазуда. Қазіргі таңда бұл жағдай туралы не белгілі? Өңірдегі ахуал қандай? Тілшіміз баяндайды.

26 мамырда сағат 11 жарым шамасында өңірде жерасты дүмпуі тіркелген. Жерасты дүмпуінің ошағы 30 шақырым тереңдікте орналасқан. Баянауыл ауданында есептік қарқындылық 2 балл, магнитуда 4,7 балл болса, Екібастұз қаласында алдын ала мәлімет бойынша магнитуда 4,5-5 балға жеткен. Жергілікті тұрғындар арасында талқыланған бұл жағдайға байланысты Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин ресми мәлімдеме жасап, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі

 «Қазіргі уақытта барлық жауапты мемлекеттік орган келіп түскен өтініштер бойынша аймақтарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Жалпы алғанда, жағдай тұрақты. Жедел жәрдем қызметіне ешқандай қоңырау түскен жоқ. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерде кейбір елеусіз салдарлар тіркелді. Мен қала прокурорымен және жауапты мемлекеттік органдардың басшыларымен бірге сол орындарды жеке барып тексердім. Жағдай тұрақты. Алаңдауға ешқандай негіз жоқ.»

Төтенше жағдайдың орын алуына байланысты ТЖД жұмысы күшейтіліп, өңірдегі ахуал жіті бақылауға алынды.

Самат Қабдылов, Павлодар облысы ТЖД ресми өкілі

Іс-қимылдарды және жағдайды бақылау мақсатында Павлодар облысы ТЖД базасында жедел штаб құрылды. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режимде жұмыс істеуде. Жедел желі телефоны ашылды. Тұрғындардан өтініштер түскен жоқ»

 Жедел желі номері – 8 (7182) 20-11-12.

Облыстың жергілікті атқарушы органдары жауапты қызметтердің жұмыстарын үйлестіруде. Анықталып жатқан зақымдану жайттары тексеріліп, оларға баға беріледі және тиісті шаралар қолданылады. Ал тұрғындардың тек ресми және тексерілген мәліметтерге сенуі қажет.

Жұлдыз Қабылденова