Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде ашық есік күні өтеді. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары өңірде қалқанша безі мен тері обырына шалдыққандар саны артқан. Аурудың алдын алу және ерте анықтау мақсатында тұрғындар 30 мамыр күні таңғы сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін тегін тексерістен өте алады.
Онкодиспансерде жыл сайын қалқанша безіндегі түрлі ісіктерге байланысты 140-150 ота жасалады. Оның ішінде қатерлі ісік деректері де бар. Дәрігерлер дертті ерте анықтау ем нәтижесін айтарлықтай жақсартады дейді.
Валерий Кравчук, торакалдық бөлім меңгерушісі
Павлодар облысында соңғы 15 жылда қалқанша безі обырына шалдығу көрсеткіші үш еседен астам өсті. Бас және мойын аймағындағы қатерлі ісіктердің 5-6 пайызын қалқанша безі обыры құрайды. Көбіне папиллярлы және фолликулярлы обыр түрлері кездеседі. бұл дерттер хирургиялық жолмен тиімді емделеді.
Сонымен қатар, тері обыры да жиілеп бара жатқан көрінеді. Кез-келген терідегі өзгеріске бейжай қарамау керек.
Сергей Борисенко, диспансерлік бөлімшенің меңгерушісі
Тері ісіктері көзге көрінетін дерттердің қатарына жатады. Сондықтан науқастар көбіне ауру белгілерін өздері байқайды. Тері қатерлі ісігінің негізгі үш түрі бар: базальді жасушалы карцинома, жалпақ жасушалы обыр және меланома. Базальді жасушалы карцинома көбіне денеге жайылмайды, метастаз бермейді. Алайда дер кезінде емделмесе, терең тіндерді зақымдап, адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай ісіктер хирургиялық жолмен алынады.
Мамандар тұрғындарды денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, уақытылы тексерістен өтуге шақырады. 30 мамыр ашық есік күніне келгендер онколог мамандардан кеңес алып, қажетті тексерулерден өте алады.
Дильназ Қуанышбекқызы