Павлодар қаласындағы Ertis Promenade сахнасында «Есірткісіз болашаққа ұмтыл!» атты нашақорлыққа қарсы айлықтың салтанатты ашылуы өтті. Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, тақырыптық алаңдар жұмыс істеді.

Өңірде басталған айлық халықаралық нашақорлықпен және есірткі заттарының заңсыз айналымымен күрес күніне орай ұйымдастырылып отыр. Айлық аясында облыс бойынша түрлі форматтағы шаралар өткізіледі. Олардың қатарында спорттық турнирлер, акциялар, жүгіру марафондары, велошерулер және түсіндіру жұмыстары бар. Мұндай шаралар жастардың заң бұзушылыққа бармауына, салауатты өмір салтын ұстануына және қоғамдағы тәртіпті сақтауға бағытталған.

Ирина Темірғалиева, Павлодар облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі

Бүгін біз есірткіге қарсы күрес шеңберінде шара өткізіп жатырмыз. Жастарды тәрбиелеу мен спортпен шұғылдануға тарту қоғамның рухани сауылығына ықпал етеді. Бойларында есірткіден бас тарту қалыптасады.

Биыл өңірде есірткіге қатысты ұсталған кәмелетке толмағандар саны азайған. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш үш есеге төмендеген. Дегенмен, биыл Павлодар қаласындағы мектептердің бірінің оқушысы есірткі заттарын жасырын орындарға қою арқылы таратқаны үшін ұсталған. Сондықтан мамандар алдын алу жұмыстарының маңызын ерекше атап өтті. Қазір қаладағы барлық ұйымдар айлықты қолдап, түрлі іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр.

Ризат Рахимжанов, Павлодар қаласы жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы

Нашақорлықтың алдын алу кеңесінен бөлек, бұл бағытта серіктес ұйымдар да белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Жастар бастамаларын дамыту орталығы мен жастар ұйымдары облыс бойынша түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда. Барлық 13 жастар орталығында жастарға арналған байқаулар, эстафеталар, спорттық жарыстар, фильм көрсетілімдері және ақпараттық буклеттер тарату жұмыстары өтеді.

Жастар мен студенттер полиция департаменті ұйымдастырған арнайы көрмені тамашалады. Олар қызметтік көліктермен танысып, арнайы техникалардың жұмысын көрді. Сонымен қатар кинолог мамандардың қызметтік иттері де көрсетілді. Шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Бұл айлық 26 маусымға дейін жалғасады.

Сабина Жолдаспаева