Халықаралық волонтерлер жылы аясында Павлодарда еріктілер форумы ұйымдастырылды. Жастар бастамаларын дамыту орталығында өткен шараға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 80-нен астам волонтер қатысты.
Форумда еріктіліктің қоғамдағы рөлі, жастар тәрбиесі мен әлеуметтік қолдаудағы маңызы кеңінен сөз болды. Басқосуға түрлі волонтерлік ұйымдардың өкілдері жиналды. Солардың бірі – Қызыл Ай қоғамы. Бүгінде ұйым қатарында 200-ге жуық ерікті бар. Оның 142-сі Павлодар қаласында қызмет етсе, қалғандары ауыл-аймақтарда жұмыс істейді. Еріктілер төтенше жағдай кезінде көмек көрсетіп қана қоймай, қайырымдылық пен адамгершілік құндылықтарын насихаттап келеді..
Форумға аға буын өкілдері де белсенді қатысты. «Күміс волонтерлер» қозғалысының мүшелері жастарға тағылымды тәрбие беріп, қоғамға қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүр. Олардың айтуынша, волонтерлік – қазақ халқының табиғатына жақын қасиет. Себебі халқымыз қашанда бір-біріне жанашырлық танытып, қиын сәтте қол ұшын соза білген.
аталмыш форум еріктілердің ынтымағын арттырып қана қоймай, қоғамдағы жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Дильназ Қуанышбекқызы