Облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданының туристік аумақтарында салынып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асу барысын тексерді. Баянауыл - облыстың басты туристік аумағы. Ал, туризмді дамыту өңірдің экономикалық саясатының басым бағыттарының бір болып қала бермек. Осы тұрғыда өңір басшысы жұмыстардың сапалы атқырылуына айрықша көңіл қою керектігін айтты. 


Сабындыкөл жағасы айтарлықтай жаңарып, демалушыларға жайлы жағдай жасалды. Жағалауда санитарлық тораптар, медициналық пункт, күзет бекеттері жұмыс істейді, ал жақын уақытта фудкорт іске қосылады. Серуендеуге арналған ұзындығы 1 км жағалау жолы салынды, автотұрақ аймағы жабдықталды. Жағажайда шезлонгтар, шатырлар, әткеншектер, жуынатын кабиналар мен киім ауыстыратын орындар орнатылған. Сондай-ақ құтқару бекеттері, бейнебақылау және жарықтандыру жүйелері іске қосылды. Аймақ басшысы Баянауыл ауылына кіреберіс жолда орналасқан жаңа визит-орталыққа да барды. Аумағы 740 шаршы метрді құрайтын кешен бір га аумаққа салынуда. Қазіргі уақытта жұмыстың соңғы кезеңі атқарылуда. Орталықта конференц-зал, музей, коворкинг және дәріс алаңдары, кофехана, ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ келушілерге арналған демалыс аймақтары орналасады.

Жасыбай көлінің орталық жағажайында да абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

Асайын Байханов барлық жұмысты 15-шілдеге дейін аяқтау керектігін айтты. 

Жағалауды жақсылап абаттандырып қана қоймай қызмет көрсету саласын дамыту керектігін де тапсырды. 

Сонымен қатар байланыс сапасы мен цифрлық сервистерді жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта туристік нысандардың шамамен 80 пайыз сымсыз интернетпен қамтылған.


Жанасыл Серикбол