Павлодар тұрғыны тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркеле алмай қалған. Бұған себеп азаматтың Шымкент қаласындағы медициналық ұйымның пациенті ретінде тіркелгені болып шыққан. Ал, ол азамат шымкент қаласында ешқашан тұрмаған. Азаматтың өтінішінен кейін бұл мәселемен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті департаментінің қызметкерлері айналысты.


Тексеру барысында дәл осындай жағдай оның отбасы мүшелерінде де анықталды. Құжаттар бойынша олар да өмір бойы Павлодарда тұрғанына қарамастан, Шымкент қаласындағы емханаға тіркелген болып шыққан. Нәтижесінде отбасының құқықтары қалпына келтіріліп, МӘМС жүйесі арқылы заңсыз алынған қаражат Қорға қайтарылды.


Мадина Сапарова, ҚР бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті павлодар облысы бойынша департаменті бөлімінің прокуроры

Департамент тарапынан мән-жайларды қосымша зерделеу бастамасы көтеріліп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына тиісті талап жолданды. Тексеру нәтижелері бойынша материал дереу Ақпаратты есепке алу кітабында тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін жолданды. Заңсыз алынған 1 миллион 381 мың теңге көлеміндегі қаражат Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қайтарылды. Қабылданған шаралар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша медициналық көмек алу құқығын қалпына келтіруге және мемлекеттік мүдделердің қорғалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.


Прокуратура өкілдері егер азамат мемлекеттік қызметтерді алу кезінде өз құқықтарының бұзылғанына тап болса, тексеру жүргізіп, қажетті шаралар қабылдау үшін уәкілетті органдарға жүгінуіне болатындығын еске салады. 



Жанасыл Серикбол