Өңіріміздің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмыс сапарымен Моңғолияда болып қайтты. Бір апталық іссапар барысында журналистер ол жақтағы қандастарымыздың тыныс-тіршілігімен танысып, мәдени және рухани байланыстарды нығайтуға бағытталған шараларға қатысты.
Биыл мамыр айының соңында Қазақстан мен Моңғолия президенттерінің кездесуі болды. Келіссөздер нәтижесінде екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 21 меморандумға қол қойылған. Құжаттар аясында мәдени байланыстарды күшейту мәселесі де көтерілген.Осы келісімдердің нәтижесінде Астана мен Ұланбатыр қалалары арасында тұрақты әуе рейсі ашылған. Журналистер делегациясы аталған бағыт бойынша жүзеге асқан екінші рейспен Моңғолия астанасына жетті.
Айбек Оралхан, «айқара.kz» ақпараттық агенттігінің шеф-редакторы
Сол жердегі шыңғысхан халықаралық әуежайына келіп түстік. Заманауи жабдықталғанын көрдік. Жалпы ұлттық нышандармен байытылғанын байқадық. Енді Монғолияға сапарымыз Ұланбатыр қаласынан басталғанынан біздің ең басты мақсатымыз ондағы қандастарымыздың тыныс тіршілігімен танысу. Олардың 3 қаласында қазақтар тығыз орналасқан.
Сапар барысында журналистер Ұланбатыр қаласындағы мәдени ұйымдардың жұмысымен танысып, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, діни өмірі және мәдениеті туралы мол мағлұмат алды. Сонымен қатар, домбырамен өнер көрсеткен қазақ балаларының концертіне куә болып, тарихи орындарды аралады.Делегация мүшелері әйгілі Шыңғыс хан ескерткішіне барып, ел тарихымен танысты. Моңғолиядағы көптеген тарихи жәдігерлердің түпнұсқа күйінде сақталғаны ерекше әсер қалдырған.
Іссапар қорытындысы бойынша алдағы уақытта екі деректі фильм көрерменге жол тартады. Оның бірі Моңғолиядағы қазақтардың өмірі мен тыныс-тіршілігіне арналса, екіншісі БАҚ өкілдерінің кездесулері мен өзара тәжірибе алмасу барысын қамтиды.
Дильназ Қуанышбекқызы