Негізгі Жаңалықтар Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар

Жаңа оқу жылындағы жаңалықтар

Өңірдегі 844 білім ордасы жаңа оқу жылын бастады. Биыл оқушыларды қандай жаңалықтар күтіп тұр және саланың қандай түйткілді мәселелері әлі де шешімін табуы тиіс? Алдағы сюжеттен көрейік!


Биылғы оқу жылында білім беру саласында бірқатар өзгеріс орын алуда. Атап айтқанда, бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ, яғни бөлім бойынша және тоқсандық жиынтық бақылаулар жойылып, оның орнына диктант, мазмұндама, бақылау жұмысы, сондай-ақ тәжірибелік және шығармашылық жұмыстар сияқты аралық бағалау формалары енгізіледі. Сонымен қатар оқу бағдарламасы жаңа пәндермен толықтырылады.

Нұргүл Азанбаева, Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары

Мектеп бағдарламасына жаңа курстар енгізіледі: 5–7-сыныптар үшін «Конституция негіздері» курсы, ал 8–11-сыныптар үшін «Заң және тәртіп» курсы оқытылады. 5–11-сыныптар аралығында әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларды, өмірлік тұрақтылықты және түрлі жағдайда дұрыс әрекет ете білу қабілетін дамытуға бағытталған «Жеке қауіпсіздік» атты міндетті курс болады. Бұдан бөлек, бұрын таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» курсы міндетті пәнге айналады. Білім беруді цифрландыру аясында 1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгертілді. 5–11-сыныптарда «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» ретінде оқытылады. 

Облысымыз шағын жинақты мектептерде жасанды интеллект технологияларын енгізу бойынша пилоттық жобаларға алғашқылардың бірі болып қосылды. Бұл жобаға облыстағы бес мектептің 4-сынып оқушылары қатысуда.

Нұргүл Азанбаева, Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары

Жасанды интеллекттің көмегімен математика, цифрлық сауаттылық, қазақ тілі және орыс тілі сияқты пәндер оқытылады. Биыл шілде айында Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мен қытайлық серіктестерден құралған делегация осы бес мектепке барып, облысымыздың пилоттық жобаға дайындығына ең жоғары баға берді. Бұл пилоттық жобаға облысымыздың барлық 215 шағын жинақты мектебі кезең-кезеңімен қосылады.»

Балалардың қауіпсіздігі де – назарда. Мемлекеттік 356 мектептің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай сәйкес келеді. Сонымен қатар білім беру инфрақұрылымын жаңарту жалғасуда. Спикерлер өңірде апатты мектептер мәселесі толық шешімін тапқанын және жаңа оқу жылына орай жаңа білім ошақтары мен кабинеттердің ашылғанын айтты.

Нұргүл Азанбаева, Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары

Оқулық қоры да жаңартылып жатыр. Дегенмен түйткілді мәселелер де бар. Мәселен кадр саласындағы түйткілдер. Соңғы уақытта жиі талқыға түсіп жатқан мектеп формасы туралы мәселе де брифинг барысында қарастырылды. «Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы бойынша, оқушылардың киімі мен шашының ұқыптылығына назар аударылады. Облысымызда ақ, қара-көк және қара түсті классикалық үлгідегі форма киюге рұқсат етілген. Оқу үрдісіне кедергі келтіретін, жарақатқа алып келуі мүмкін әшекей, аксессуарлар тағуға болмайды. Ал қосымша талаптарды әр мектептің әкімшілігінен нақтылап білуге болады», - деді мамандар. 


Жұлдыз Қабылденова



Бөлісу