Туристтік кәсіпкерлік үшін шалдайдан жер телімі беріледі
Шарбақты ауданындағы Шалдайдың табиғаты туристерді тек еліміздің әр өңірінен ғана емес, шетелден де қызықтырады. Мұнда жыл сайын Ертіс орманының тынысын сезініп, табиғат аясында демалуға келетін саяхатшылардың қатары артып келеді. Ал қорық аумағына келушілердің қауіпсіздігі мен табиғи ортаның тазалығын сақтау үшін арнайы бақылау бекеттері жұмыс істейді. Біз де Шалдайға барып, оның туристік мүмкіндіктерін танып қайттық.
Ертіс орманына келетін туристердің арасында Павлодар облысымен қатар, Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау қалаларының тұрғындары да бар. Биыл резерватқа Ресей, Өзбекстан және Норвегиядан келген шетелдік қонақтар да тіркелген. Қорғалатын аумаққа кіретін барлық көлік арнайы бақылау-өткізу бекетінен өтеді.
Мария Кондратьева, «Ертіс орманы» табиғи резерватының туризм бөлімінің маманы
Бізде резерватқа кіретін екі негізгі бағыт бар. Оның бірі Павлодар қаласы арқылы, екіншісі Шарбақты тасжолы арқылы өтеді. Қазір кіру бекітілген тарифтерге сәйкес жүзеге асырылады. Көліктерден түскен қаражат резерватты қорғауға, сондай-ақ санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Себебі келушілерден кейін аумақты тазалап, табиғи ортаның таза болуын қамтамасыз ету қажет.
Туристер ағыны артқан сайын демалыс орындарына деген сұраныс та көбейіп келеді. Осыған байланысты биыл аудан аумағында туризмге қажетті жер телімдерін бөлу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Арнайы комиссия шешімімен кәсіпкерлерге қысқа және ұзақ мерзімге жер беру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл алдағы уақытта табиғатқа зиян келтірмей, демалыс орындарын дамытуға жол ашатын қадам.
Сағадат Солтанов, Шарбақты ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы
Ауданымызда Ертіс орманының алып жатқан аумағы 117 мың 565 гектар жер. Оның өзі нақты орналасқан жері Шалдай ауылы. Биылға өзгерістер бұл жалпы үкіметке қарайтын, үкіметтің беріп жатқан жерлері. Биыл өзгерістер сол 3 комиссия өтті. Комиссияда қысқа мерімде және ұзақ мерзімде жерлер берілді туризмға арнап. Етіс резерватын 90 мыңнан орманмен басады. Нағыз осы жерге туристерд таза ауасына бола келеді деп ойлаймын.
Жалпы аумағы жүз мың гектардан асатын Ертіс орманы Шарбақты өңірінің табиғи байлығы ғана емес, туристерді тартатын маңызды орындардың бірі. Қалың қарағайлы орман, таза ауа мен тыныш табиғат қала қарбаласынан алыстауды қалайтын саяхатшылар үшін таптырмас мүмкіндік. Ал туризмге арналған инфрақұрылымның біртіндеп дамуы Шалдайдың туристік әлеуетін одан әрі арттыра түспек.
Сабина Жолдаспаева