Негізгі Жаңалықтар Саяжай ісі неге саябырсып кетті? 

Саяжай ісі неге саябырсып кетті? 

Павлодарда жылдан-жылға маңызын жоғалтып келе жатқан саяжай мәдениетін қайта жаңғырту көзделіп отыр. Ол үшін саяжай иелеріне қолдау керек дейді бастамашылар. Қазір өңірдегі қала сыртындағы учаскелердің жартысына жуығы қараусыз қалған деп есептеледі. Мәселе облыстық ардагерлер кеңесінің сараптамалық отырысында талқыланды. Оған мемлекеттік органдардың өкілдері мен сала мамандарының қатысты. 


Өңірдегі саяжай учаскелері иелерінің жартысына жуығы – зейнеткерлер. Сонымен қатар жыл сайын қала сыртындағы саяжайларға қызығушылық танытатындардың саны жастар арасында да, егде жастағы адамдар арасында да азайып келеді. Ал саяжай иелеріне қолдау бұрынғыдан да қажет дейді ардагерлер. Негізгі қиындық – учаскені күтіп ұстау құнының қымбаттығы.

Владимир Левченко, Павлодар облыстық ардагерлер кеңесі сараптамалық кеңесінің мүшесі

Біріншіден, бір сотық жердің құны шамамен 5 мың теңге. 10 сотық жердің өзі 50 мың теңге болады. Екіншіден, саяжайға қатынаудың өзі қымбат, оның үстіне судың да құны жоғары. 

Саяжайларды қайта жандандыру үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Мысалы, тамшылатып суару жүйесін қолдануға болады. Бұл суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді әрі жұмысты да жеңілдетеді.

Ардагерлер кеңесі бір сотық жердің құнын 3 мың теңгеге дейін төмендету керек дейді. Сондай-ақ саяжай иелерін гербицидтермен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарау ұсынылды. Ал зейнеткерлер үшін қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігін ұйымдастыру қажет. Айтуларынша саяжай бір отбасының жаңа піскен көкөніс, жеміс-жидекке қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қосымша табыс табуға мүмкіндік беруі.

Жиында қараусыз қалған учаскелер мәселесі де сөз болды. Уақыт өте келе мұндай жерлерді шөп пен бұта басып, көршілерге қолайсыздық туғызады әрі өрт шығу қаупін арттырады. Бұдан бөлек, қараусыз қалған аумақтар қаңғыбас жануарлардың мекеніне айналуы мүмкін.

Кенжегүл Жолжақсынова, жер қатынастарын басқару басқармасы басшысының орынбасары

Бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдар учаскелерді иесіз мүлік ретінде есепке қою жұмыстарын жүргізуі тиіс. Бір жыл өткеннен кейін оларды иесіз деп танып, коммуналдық меншікке беру туралы сотқа талап-арыз берілуі керек. Кейін бұл учаскелер жаңа иелерге беріледі. Мұндай жұмыстар негізі жүргізіліп жатыр, алайда қарқыны төмен. 

Отырыста көтерілген келесі маңызды мәселе – ауылдағы зейнеткерлер және жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге қажетті жайылымдардың жетіспеушілігі. Сарапшылардың айтуынша, бірнеше жыл бұрын қабылданған жайылымдар туралы заң бұл мәселені шешуге қажетті тетіктерді қарастырады. Алайда жергілікті жерлерде заң талаптары әрдайым тиісті деңгейде орындала бермейді.

Хамза Оразбеков, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы

Халықты жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету және олардың жағдайын жақсарту мақсатында биыл 2030 жылға дейінгі жайылымдар бойынша Жол картасы бекітілді. Қазір жеке қосалқы шаруашылықтар пайдаланатын жайылымдарға түгендеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік субсидиялау бағдарламаларына қатысу үшін меншік иелерін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тарту жұмыстары жүргізілуде. 

Кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар мен ескертулер әрі қарай қарау үшін тиісті ведомстволарға жолданды. Отырысқа қатысушылар көтерілген мәселелер назардан тыс қалмай, олар бойынша нақты шешімдер қабылданады деп үміттенеді.




Бөлісу