Мектеп асханалары бақылауда
Жаңа оқу жылында мектеп оқушыларының сапалы әрі қауіпсіз тамақтануына ерекше мән берілмек. Білім беру ұйымдарының асханаларында бірқатар өзгеріс енгізіліп, пайдалы тағамдарға басымдық берілді. Мәзір жаңартылып, фастфуд өнімдері мен қантты сусындарды сатуға шектеу қойылды. Ал асханалардағы тағамның сапасы мен дайындалу талаптары оқу жылы бойы бақылауда болады.
Бұл — Павлодар қаласындағы Мұзафар Әлімбаев атындағы мектеп. Білім ордасында 1142 оқушы білім алады. Оның 487-сі — бастауыш сынып оқушылары. Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың сапалы әрі қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету мақсатында мектепте арнайы дайындық жұмыстары жүргізілді.
Тоғжан Шүкенова, М.Әлімбаев атындағы мектеп директорының орынбасары
Жалпы біздің оқу жылына дайындық барысында кабинеттер мен оқу жабдықтарын дайындаумен ғана емес, балалардың тамақтануын да ұйымдастырамыз. Ол біздің басты назарда. қазіргі таңда бізде жалпыға білім беру қоры бойынша 71 бала тамақтанады. оның ішінде 39-ы 5-11 сыныптар. 10 бала жекеменшік кәсіпкердің атынан тамақтанады.
Соңғы өзгерістерге сәйкес, енді мектеп асханаларында гамбургер, хот-дог секілді фастфуд өнімдері, шоколад батончиктері мен қантты газдалған сусындар сатылмайды. Тамақтану стандарты талаптарына сай жаңа оқу жылына арнайы мәзір әзірленді. Оны құрастыру барысында өткен оқу жылындағы тағамдардың желінбеу индексі, оқушылардың жас ерекшеліктері, азық-түлік өнімдерінің сапасы және ас мәзірінің әртүрлілігі ескерілді.
Оқу жылы бойы мектеп асханаларындағы азық-түлік өнімдерінің сапасы, оларды сақтау талаптарының сақталуы және тағамдарды дайындау технологиясы бракераждық комиссияның тұрақты бақылауында болады.
Динара Батырқанова, Павлодар қаласы білім беру бөлімінің бас маманы
2026-2027 жылғы оқу жылына Павлодарда 50 мыңнан астам оқушы оқуға кірісті. 1-4 сынып оқушылар саны 20 мыңнан асады, олар жергілікті атқарушы органдар есебінен тегін ыстық тамақтанумен қамтамасыз етіледі. Тамақтану сапасы күн сайын брокираж көмегімен бақыланады.
Биыл білім беру ұйымдарында бір балаға берілетін бір реттік ыстық тамақтың құны 786-дан 900 теңгеге дейін. Баға оқушының жас ерекшелігіне қарай белгіленеді.
Самал Қалиқызы