Павлодарда үш мыңнан астам адам банкрот деп танылды
Елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы жайлы заң күшіне енген күннен бастап Павлодар облысында 18 мыңнан астам өтініш берген.
Төлемге қабілетсіз болып қалған 3361 азаматтың борыш жүктемесі алынып тасталды.
Қазіргі уақытта тағы 56 жеке тұлғаның банкроттығы қаралып жатыр.Өңірде қаржылық міндеттемелерін орындай алмайтын жағдайға тап болғандардың көпшілігі кәсіпкер немесе бюджеттік мекеме қызметкерлері емес, жұмыскерлер.
Ерсін Харифоллин - мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы
-Көбінесе банкротқа жұмыскерлер , үлкен кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдар, көбі жанұялы отбасылар. Олардың қаржылық біліктілігі аз болғандықтан, несиені ала бергендіктен осындай жағдайға тап болып тұр.
Банкроттық туралы заңнама жұмыс істей бастағалы үш жылдан асты. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап рәсімдер жеңілдеген. Мәселен, ломбардтар соттан тыс банкроттық кезінде кредиторлар қатарынан шығарылады, бұл азаматтардың көпшілігіне рәсімді пайдалануға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек енді азаматтар борыш бойынша мәселелерін бұрынғыдай 6 ай ішінде емес, 1 айда шеше алады. Егер борышы 1600 АЕК-тен аспаса және мерзімді қарызын қайтаруды 5 жылдан астам уақытқа кешіктірген болса. Дерекке қарағанда 350 мыңнан астам адам осы талаптарға сәйкес келеді екен.
Жанасыл Серікбол