Павлодар филармониясының жаңа сахнасы
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы 85 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа сахналық жабдықтарға ие болды. Мекеме тарихында алғаш рет жеке жарық, дыбыс және бейне техникасы сатып алынды. Енді өнер ұжымдары концерттер мен түрлі шығармашылық жобаларды заманауи деңгейде өткізуге мүмкіндік алды. Жаңа жабдықтардың алғашқы таныстырылымы да ерекше концертпен басталмақ. Толығырақ тілші әңгімесінде.
Жаңа сахналық жабдықтардың арқасында концерт өткізу мүмкіндіктері кеңейе түспек. Енді шығармашылық ұжымдар музыкалық кештер мен ауқымды қойылымдарды жоғары деңгейде ұйымдастыра алады. Бұл жаңарту мекеменің материалдық-техникалық жағдайын жақсартып қана қоймай, өнерпаздардың шығармашылық ізденісіне де жаңа мүмкіндік беруде. Жобаны жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, қажетті қаржы бөлінді.
Оған қоса шығармашылық топтардың аспаптар қоры да жаңартылды. Өнерпаздардың ұсынысымен АҚШ, Жапония, Германия, Франция және Нидерланд елдерінде шығарылған музыкалық аспаптар сатып алынды. Ал сахналық жабдықтар қатарында LED-экран, кәсіби жарық пен дыбыс құрылғылары бар. Сонымен қатар шығармашылық ұжымдар жаңа концерттік костюмдермен қамтамасыз етіледі. Жаңартылған сахнадағы алғашқы концерт Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің орындауында өткізілмек.
Филармонияны жаңғырту жұмыстары алдағы жылы да жалғасын табады. 2027 жылы мекеме ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жоба аясында жұмыс жағдайын жақсарту мен ғимаратты жаңарту көзделген.
Салтанат Бауыржанқызы