Өрт қаупі жоғары маусым аяқталды
Облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупі жоғары маусым аяқталды. Осы кезеңде өңірде орман алқаптары мен жасыл желектерде 135 өрт оқиғасы тіркелген. Төтенше жағдайлардың туындауына не себеп болды және мұнда адам факторының үлесі қандай? Толығырақ әріптестерімнің материалында.
Орман өрттерінің негізгі себептері – құрғақ найзағай мен адам факторы. Тіркелген өрттердің 104-і құрғақ найзағай салдарынан туындаған. Тағы 31 өрт адамның іс-әрекетімен байланысты. Олардың қатарында отты абайсыз пайдалану, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді өртеу, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және далалық аумақтардан оттың таралуы бар. Далалық алқаптарда 100 гектардан асатын үш ірі өрт тіркелді. Олар Баянауыл, Екібастұз және Шарбақты аудандарында болған. Жалын шарпыған аумақтың жалпы көлемі 1465 гектарды құрады.
Қайрат Шаймарденов, Павлодар облысы ТЖД бастығының орынбасары
Жалпы осы кезеңде облыста 135 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға төмен. 101 жану фактісі анықталды. Өрт шарпыған аумақ 8,5 есеге көбейіп, 928,7 гектарды құрады. Материалдық шығын 19 млн теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Өрттің 98 жағдайы Ертіс орманы мен Баянауыл табиғи паркінде тіркелді. Жылдағыдай өрттің басты себебі найзағай мен адам факторы болып тұр.
Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында облыста жалпы саны 241 адамнан тұратын 49 мобильді топ жұмыс істеді. Олардың құрамына Төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның, табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері кірді.
Бұдан бөлек, министрлік әзірлеген «Ауыл құтқарушылары жобасы» жақсы нәтиже беріп отыр. Елдімекендерде өрт сөндіру бекеттері ашылуда. Осы жылы 34 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланды, қазір оның 7 ашылып, қалғаны жылдың соңына дейін қолданысқа берілмек.
Самал Қалиқызы