Негізгі Жаңалықтар Балаларға тіліксіз жүрек отасы жасалады

Балаларға тіліксіз жүрек отасы жасалады

Балалардағы туа біткен жүрек ақауларын бүгінде тіліксіз жасалатын ота және ұзаққа созылатын оңалтусыз да емдеуге болады. Павлодар облыстық кардиологиялық орталығында дәрігерлер қан тамырына кішкентай тесік жасау арқылы жүректегі ақауларды түзететін операциялар жүргізеді. Бұндай ота қалай және неше жастағы балаларға жасалады? Алдағы бейнематериалда.


Тілу де, хирургиялық тігіс те қажет емес. Ашық операцияның орнына сан тұсындағы көктамырға кішкентай тесік жасалады. Дәрігерлер сол арқылы арнайы құралдарды жүрекке жеткізіп, ондағы ақауды жабады. Бұл әдіс интервенциялық хирургияға жатады және кейбір туа біткен жүрек ақауларын түзетуге мүмкіндік береді.

Ерлан Ордабаев, Павлодар облысының штаттан тыс балалар кардиохирургі

Бұл ота теріні кеспей, сан көктамырына жасалған кішкентай тесу арқылы жүргізіледі. Осы әдіспен жүрекшелер мен қарыншалар арасындағы ақаулары түзетіледі, сондай-ақ ашық артериялық өзек жабылады. Кез келген операцияның өзіндік қиындықтары болады. Аз инвазивті араласу болсын, эндоваскулярлық процедура немесе ашық ота болсын, әрқайсысының өз ерекшеліктері бар.

Кардиологиялық орталықта бұндай оталар астаналық емханалардан шақырылған мамандармен бірлесіп жасалады. Операцияның күрделілігі жүрек ақауының түрі мен ерекшеліктеріне байланысты. Орта есеппен процедура 20 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Емдеу тәсілі баланың жағдайына қарай таңдалады. Егер ақау үлкен болмаса және науқас қалыпты дамып жатса, дәрігерлер оны біраз уақыт бақылауда ұстауы мүмкін. Операция медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жасалады. Эндоваскулярлық әдіс барлық балаға бірдей жарамайды. Бұл ретте баланың жасы, салмағы және жүрек ақауының ерекшеліктері ескеріледі.

Павлодарлық кардиохирургтер жыл сайын балаларға осындай 20-ға жуық операция жасайды. Бұл ретте, туа біткен жүрек ақауларының ауырлық деңгейі әртүрлі. Кейбір күрделі жағдайларда хирургиялық араласу бала өмірге келген уақытта бірден қажет болады. Сондықтан ауруды ерте анықтау және мамандардың тұрақты бақылауында болу аса маңызды.


Дархан Бекишев



Бөлісу