Негізгі Жаңалықтар Жылу жүйесін жаңартуға басымдық берілді

Жылу жүйесін жаңартуға басымдық берілді

Екібастұз қаласының жылу жүйесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл Ұлттық жоба аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі. Қазір жылу магистральдарының бірқатар учаскесінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. 


Жылу магистральдарын жаңғырту жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Ең алдымен, тозығы жеткен құбырлар кезең-кезеңімен жаңасына ауыстырылады. Құрылыс кезінде желінің техникалық жағдайы да толық тексеріледі. Бұл жұмыстар жылу жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Руслан Сафиулин, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары

Қазір қалада жылу желілерінің төрт учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олардың жалпы ұзындығы 4 мың 253 метрді құрайды. Жобаның жалпы құны 5 миллиард 926 мың теңге. Бүгінде төрт учаскенің барлығында жаңа құбырларды орнату жұмыстары толық аяқталды. Жаңғыртылған желілер қазірдің өзінде іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Қазір жекелеген жылу камераларын орнату, аумақты абаттандыру және басқа да соңғы жұмыстар жүргізілуде. 

Мамандар жылу құбырларының беріктігін тексеріп, жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті шараларды атқарады. Қыс мезгілінде жылу беруде іркіліс болмауы үшін әрбір учаске кезең-кезеңімен бақылаудан өтеді.

Айдарбек Қыстаубаев, «Energy solution center» ЖШС бас директоры

Ең үлкен ауқымды жұмыс бізде тоғызыншы қазандықта. Егер білетін болсаңыз, 5 энергетикалық қазан, 5 су жылытатын қазандық бар. Энергетикалық қазандықтардың жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Су жылытатын қазандықтар қазір резервте, онда да жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Жылу электр орталығында тозу көрсеткіші 46 пайызға дейін төмендеді. Біз қабылдап алған кезде 53 пайыз болған. Жөндеу жұмыстарының арқасында төмендеді. 

Жылу желілерін жаңғыртумен қатар, станциялардың қысқы кезеңге қажетті отын қорын қалыптастыру жұмыстары да жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жылу беру маусымын тұрақты өткізу үшін көмір қоры алдын ала қамтамасыз етілуі қажет.

Айдарбек Қыстаубаев, «Energy solution center» ЖШС бас директоры

Бүгінгі күні қоймада 64 мың тонна көмір бар. Қысқы кезеңге толығымен жетеді. Сонымен қатар богатырь көмір серіктестігімен келісімшартымыз бар. Қазан айында, желтоқсан айында толығымен көмір жетеді. Келесі жылға келісімшартқа дайындалып жатырмыз. Жылына 500 мың тоннадай көмір жағамыз. Көмірдің қоры қоймада толығымен жетеді. 

Жоба аясындағы жұмыстар биыл да жалғасып, келесі кезеңге арналған жобалар әзірленуде. 2027 жылы жаңғыртуды қажет ететін жаңа учаскелер қамтылмақ. Осылайша Екібастұздың жылу жүйесін кезең-кезеңімен жаңарту көзделген.Ұлттық жоба аясындағы бұл жұмыстар коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған.


Сабина Жолдаспаева 





Бөлісу