Павел Васильевтің өлеңдері қазақ тілінде жарық көрді
Көрнекті ақындардың бірі Павел Васильевтің шығармалары қазақ тілінде жарық көрді. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақынның жаңа өлеңдер жинағының тұсаукесері өтті. Жинақ әдеби мұраны насихаттап қана қоймай, екі елдің мәдени және әдеби байланысын нығайтуға бағытталған.
Кездесуде кітаптың жарыққа шығу тарихы таныстырылды. Қатысушылар ақын шығармаларының әдеби құндылығы мен аударма ерекшеліктеріне тоқталды. Павел Васильевтің шығармашылығы қазақ әдебиеті мен орыс әдебиетін байланыстыратын маңызды рухани көпір ретінде бағаланды.
Айгүл Мәлікова, Павлодар облысы әкімінің орынбасары
Бүгінгі кездесуге «Полежаев-фонд» Омбы қорының рухани-мәдени даму бағытындағы өкілдері, Халықаралық заманауи өнер академиясының мүшесі Ольга Юрьевна және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі суретші Виктор Поликарповтың жұбайы қатысып отыр. Баршаңызды бүгінгі кездесуде көргеніме қуаныштымын. Мұндай шаралардың маңызы зор. Жаңа жинақты ұлттың рухани қазынасын дамыту жолындағы олжа деп білемін.
Кітапқа ақынның таңдаулы өлеңдері енгізілген. Оларды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Оралхан қазақ тіліне тәржімалаған. Аударма барысында шығарманың мазмұны мен көркемдік ерекшелігін сақтауға басымдық берілген.
Жаңа жинақ ақынның әдеби мұрасын қазақтілді оқырманға кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба екі ел арасындағы мәдени байланысты тереңдетуге және ортақ әдеби құндылықтарды дәріптеуге жол ашады.
Жаңа жинақтың тағы бір ерекшелігі оның көркем безендірілуі. Кітаптағы иллюстрацияларды Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Виктор Поликарпов салған. Осылайша басылымда поэзия, аударма және бейнелеу өнері бір арнаға тоғысқан.
Сабина Жолдаспаева